Әч: 12 құрама 1/8 финалға өтті
Криштиану Роналду бір матчта 3 жаңа рекорд орнатты. Модрич ұлттық құрамадағы мансабын аяқтады. Бұған дейін сенсация жасаған Парагвай жарыс жолын аяқтауы мүмкін. Футболдан әлем чемпионатының 1/8 финалына 12 құрама жолдама алды. Олар қай командалар?
Әлемдік, еуропалық және ұлттық деңгейде 100-ден астам түрлі рекорд орнатқан Роналду бұл жолы да футбол тарихына өз есімін алтын әріптермен жазды. Португалияның тәжірибелі шабуылшысы Хорватия құрамасымен өткен ойында гол салды. Сөйтіп Әлем чемпионатының плей-офф кезеңінде алаңға шығып, гол соққан ең егде ойыншы және өз ұлттық құрама тарихындағы үздік сұрмерген атанды. Сондай-ақ ұлттық құрамалар деңгейіндегі үздік шабуылшы болды. Қазір 41 жастағы футболшының қоржынында 146 гол бар.
Роналдуның бұрынғы командаласы, Хорватияның үздік ойыншысы Модрич болса ұлттық құрама сапындағы соңғы ойынын өткізді. Алтын доп иегері команда сапында 196 матч өткізген. Айтпақшы, матч 2:1 есебімен Португалияның пайдасына шешілді. Енді еуропалық бразилиялықтар 1/8 финалда Луис де ла Фуэнте бастаған қызыл фурияларға қарсы ойнайды.
Ілініп-салынып, сылбыр ойнап жүріп Конгоны әрең жеңген Англия құрамасы Мексикаға қарсы ойнайды. Бұған дейін турнир фавориті саналған тұманды Альбион жігіттері мексикалықтарды жеңе ала ма? Қиын болары сөзсіз, өйткені матч Мехикодағы «Ацтека» стадионында өтеді. Ацтектер өз жерінде, өз елінде жеңіс үшін барын саларына шүбә жоқ.
1/8 финалда кездесетін тағы бір жұп Франция мен Парагвай құрамалары. Немістерді ұтып, айды аспанға бір-ақ шығарған альбирохха Дидье Дешамның машинасына төтеп бере ала ма? Шабуылында Мбаппе, Олисе мен Дембеле сынды сен тұр мен атайын дейтін жігіттер барда бұл командаға қарсы ойнау оңай болмайды.
Ал, қызуқанды жанкүйерлерімен танылған Норвегия құрамасы турнир тарихындағы үздік командалардың бірі Бразилиямен кездеседі. Карло Анчелоттидің шәкірттері қазір бабында. Десе де шабуылында Холанд ал, жартылай қорғаныста Эдегор ойнайтын викингтер де осал қарсылас емес. Сонымен біз Винисиустың жеңістен кейінгі биін көреміз бе әлде норвегиялық фанаттардың көркем қойылымына куә боламыз ба? Бұл сұрақтарға 6 шілде күні жауап аламыз.
1/8 финалда АҚШ пен Бельгия, Марокко мен Канада құрамалары да өзара бақталасады. Бұл кезеңде осал команда болмайтынын ескерсек, матчтар қызықты әрі тартысты өтері хақ.
Бұл жолғы мундиальдің ерекшеліктерінің бірі голдардың көптеп соғылуы. Бұған дейін 80-нен астам матч өтіп, құрамалар бір-бірінің қақпасына 250-ге тарта гол соққан. Статистикаға жүгінсек, әр ойында кемі екі голдан салынған.
Плей-офф кезеңі қыза түсті. Сондықтан матчтарды өткізіп алмаңыз. Бүгін 22:00-де Аустралия мен Мысыр ойнайды. Ал, түнгі 02:50-де Аргентина мен Кабо-Верде кездеседі. Шағын арал футболшылары осы жолы да сенсация жасай ала ма әлде Месси бастаған жігіттердің жолы бола ма? Бірге көрейік.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы