Қазақ-Қырғыз шекарасы арқылы жанармайды жаппай тасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ-Қырғыз шекарасы арқылы жанармайды жаппай тасып жатыр

07.04.2023

Қазақ-Қырғыз шекарасы арқылы сыртқа мұнай өнімдерін тасымалдағандарға қатысты 300-ге жуық заңсыздық анықталды. Жыл басынан бері шекарадан шығарылмақ болған 90 мың тонна бензин мен дизель тәркіленді. Ал заңсыз тасымал Жамбыл облысы арқылы жүзеге асады. Жанармай үшін жанталасқан ел жеке көліктеріне құйып тасып жүр. Салдарынан Кеден бекеттерінде кептеліс көбейген.

Қырғызстан азаматы Алтынбай бензин үшін Жамбыл жеріне күніне екі рет өтетінін жасырмайды. Ол өз елінде сұйық отынның әр литріне 100 теңге қосып сатады.

Алтынбай Мұратов, Қырғызстан азаматы:

Бізде Қырғызстанда бензин әзір қымбат. Бекеттерде АИ-92 бағасы 51-52 сом, ал Қазақстанда сомға 35 сом, бізге Қазақстаннан құйып шыққан жақсы, ыңғайлы. Мына машинамен 100 литр алып кетем, шоң машинамен жүргенде 200 литр алып кетем.

Көрші елде әсіресе АИ 92 маркалы бензиге сұраныс жоғары. Сондықтан жанармай сатуға жаппай көшкен қырғыздар Қордай мен Меркіде көлік кептелісін көбейткен.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Міне Қазақ-Қырғыз өткізу бекетінің алдындағы қалың көш. Сұйық отынды сыртқа сататындардың көлігіне көз сүрінеді. Жалпы Қордайда балға жиналған ара секілді бензинге келген көршілерді көп көресіз. Бірақ теміртұлпар тақымдаған ел тасбақа аяңмен жүрсе де бактарына толтырған бензинді күнделікті арғы бетке алып өтеді.

Кептеліс сағаттап созылады. Көш адым жердегі көрші елге көлікпен шыққан ел қауіптің бел ортасында жүрміз деді.

Наталья Евтушенко, Алматы қаласының тұрғыны:

Кептелісте тұрғанымызға 4 сағаттан асты. Бензин иісі жүректі айнытады. Бір жылдан асты көретініміз осы. Бұл бәріміз үшін өте қауіпті, қасымызда балаларымыз бар. Әне бәрі шырпы тұтатып, шылым шегіп тұрғандықтан өте қорқынышты. Жарылыс болса көлік тұрмақ, Кеденнен де түк қалмайды.

Әділ Тілеужанов, Қордай ауылының тұрғыны:

Мына бензинді сыртқа сатып жатыр. Сондықтан бізде бензин жоқ, қымбатшылық болып жатыр.

Ал біздегі бензин бекеттері маңынан автокөлігінің аузы-мұрнына дейін толтырған көршілерді көрдік. Тіпті бензинді баклашкаларға да құйып алған.

Заң бойынша темір ыдысқа 20 литр ғана жанармай құйып, тасымалдауға болады. Бірақ мұны ескеріп жатқан ел жоқ. Тіпті қулыққа басқандар қосымша бак орнатып алады екен. Ал Қордай әкімдігі 42 жанармай бекетінің барлығында тапшылық жоқ, қорда 472 тонна бензин бар деп отыр.

Алмас Әлімқожаев, Қордай ауданы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

ЕураЭС дейді ғой. Ол кіргелі бізде граница ашық. Заң бойынша полный бак, бакты толтырып қырғыз азаматтары әрі-бері өте алады.

Елімізде қаңтардан бастап мұнай өнімдерін сыртқа тасымалдауға тиым салу уақытысы алты айға ұзартылған. Бірақ соған қарамастан сұйық отынды заңсыз алып өтушілерге қатысты 288 дерек анықталып, 90 мың тоннадан астам мұнай өнімі тәркіленген. Ал апта басында Энергетика министрлігі сұйық отынның сыртқа сатылуы себебінен бензин бағасы 11 пайызға қымбаттайтынын хабарлады.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу