Қарағанды облысында жылқыдан қауіпті кесел анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында жылқыдан қауіпті кесел анықталды

07.04.2023

Қарағанды облысындағы Үміткер ауылында жылқыдан эпизоотиялық лимфангит анықталды. Қауіпті ауруға байланысты карантин жариялау мәселесі қаралып жатыр. Лимфангит немесе африкалық сап деп аталатын кесел тек жұмыр тұяқты жануарларға жұғады. Үміткер ауылындағы жылқылардың денесін ірің жайлап, жүріп тұрудан қалғаны ақпан айында біліне бастаған. Содан бері 9 бас мал арам қатыпты. Ауру дендеп кеткен тағы 15 жылқы оқшауланған. Қора қопсыны залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Ауру жұқтырған малдар өртеу жолымен жойылып, оның нарықтық құны бюджет есебінен өтелмек. Оның үстіне өрістегі мыңнан аса жылқы да тексеріледі. Карантин кезінде ауылдан жылқы өнімдері шығарылмайды. Аталған шектеу шаралары ұзаққа созылғалы тұр. Себебі карантин соңғы ауру малдың көзі жойылған соң үш айдан соң алынады.

Данияр Мерғазин, аумақтық ветеринарлық инспекция басшысының орынбасары:

Бұл өзі созылмалы ауру болғандықтан әрі қарай да уақыт өте келе малдың қоңына қарай анықтала беруі мүмкін. Ауру жануарлармен жанасқан малдар сыртқа жайылымға жіберілмейді. Олар белгілі бір аумақта жеке ұсталынады. Басқа малдарға қосылмауы керек. Карантин қойылғаннан кейін бұл ветеинспекторлар тарапынан қатаң бақылауда болады. Сосын мал иелеріне малды оқшаулап ұстау жөнінде нұсқаулар беріледі.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу