Басты Жаңалықтар Ақмола облысында алтын өндіретін кәсіпорынның жанындағы үйлер қирап жатыр

Ақмола облысында алтын өндіретін кәсіпорынның жанындағы үйлер қирап жатыр

Алтын өндіретін компанияның шахталарындағы жарылыстан үйіміз шайқалып, қабырғалары сөгіліп жатыр. Ақмола облысындағы Ақсу кентінің тұрғындары арнамызға хабарласып, осындай шағымдарын айтты. Ал кәсіпорын өкілдерінің өз уәжі бар. Қос тарапты Ұмсындық Наурызбаева тыңдап қайтты.

Гүлбаршын Әубәкірова ауылдан кеткісі келмейді. Бірақ, жалғыз баспанасы апатты жағдайда тұр. Қабырғалары сөгіліп, шатыры қираған. Жөндегеннен пайда жоқ дейді.

Гүлбаршын Әубәкірова, кент тұрғыны:

Бісміллә деп жатып, бісміллә деп тұрамыз. Өйткені, бала-шағамен үйіндінің астында қалып қоямыз ба деп. Осы взрывтан кейін. Шағымданып жатырмыз. Айтып жатырмыз. Ешқандай не болмай жатыр.

Мұндағы үйлердің көбі жарты жарты ғасыр бұрын салынған. Иелерінің айтуынша, онсыз да тозып тұрған баспана жағдайы аптасына бір рет болатын жарылыстың салдарынан тіпті нашарлап барады. Бүгінде Ақсу кентінде бір мыңнан астам адам тұрады. Олар осы мәселе бойынша әкімдікке талай шағымданыпты.

Сүйіндік Шатаев, кент тұрғыны:

Бір күні құлап қала ма деп қорқамыз. Былай түсіп кете ме деп қорқамыз. Мынау астының бәрі бос. Жәй жерге тіреліп тұр.

Осыған дейін алтын өндіретін кәсіпорын шахта маңындағы 100-ге жуық тұрғын үйді сатып алып, иелеріне нарықтық бағадан асатын көлемде өтемақы төлепті. Енді қалған адамдар ескі үйінің орынан қаржы немесе жаңа баспана алу үшін шағымданып жатыр деп санайды компания өкілдері.

Берік Әбелдінов, «Алтыналмас» АҚ бөлім басшысы:

Тексеріс кезінде сейсмикалық ықпалдың мөлшерлері алынып отырады. Олардың көрсеткіштері рұқсат етілген шектен аспайды. Бұл дегеніміз айналадағы ғимараттар мен құрылғыларға қауіпсіз деген сөз.

Дегенмен өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша кәсіпорын тарапынан бірқатар заңбұзушылық анықталған. Әкімшілік жаза да тағайындалыпты. Қазір оларды жою жұмыстары жүріп жатыр. Жергілікті билік мәліметінше, қазір компания 53 үйді көшіру мәселесімен айналысып жатыр. Олар қауіпті аймақта тұрмаса да, апатты жағдайда деп танылған.

Ұмсындық Наурызбаева


Бөлісу