Д.Трампқа 34 қылмыстық айып тағылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Д.Трампқа 34 қылмыстық айып тағылды

05.04.2023

АҚШ тарихында алғаш рет президенттің үстінен қылмыстық іс қозғалып, сот тыңдауы басталды. Елдің бұрынғы басшысы Дональд Трампқа 34 қылмыстық айып тағылып, бүгін Нью-Йорк сотының алдында жауап берді. Меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы тарқатады.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Манхэттендегі сот ғимараты бүгін қатаң күзетке алынды. Полиция экс-президент кортежі өтетін көшені ұзына бойы қоршауға алса, тік ұшақтар көктен қадағалады. Себебі, бұл маңға Трампты қолдайтындар мен оны жазаға тартуды талап еткен жүздеген адам жиналған. Жергілікті арналар АҚШ-тың 45-ші президентінің сотқа бағыт алған сәтін тікелей эфирде көрсетіп те үлгерді. Өзіне тағылған айыптарды тыңдау үшін келген Трамптан күдікті ретінде саусақ іздері алған, бірақ айыпталушы тараптың өтініші бойынша оны видеоға не фотоға түсіруге рұқсат етілмеді. Тіпті, сот процесіне БАҚ өкілдері жіберілмеді. Судья тек бес фотографты айыптау ісі басталар алдында бірнеше минутқа кіргізіп, отырысты түсіруге мүмкіндік берген.

Лиза Фитиан, АҚШ тұрғыны:

Бүгін біздің елімізде өте маңызды күн. Бұл тарихи күн. Экс-президент қамауға алынып, әйелдерге қарсы қылмыстары үшін жауапқа тартылады деп үміттенеміз.

Сликтор Робинсон, АҚШ тұрғыны:

Меніңше бұл айыптау негізсіз. Егер олар қаласа, 2016 жылы айып тағуы мүмкін еді. Бірақ қазір жаңа сайлау жақындап қалды. Сондықтан қарсыластары оны басып тастамақ.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Жалпы, Трамқа 34 қылмыстық іс бойынша айып тағылды. Оның ішінде салықтан жалтару үшін бизнес құжаттарын бұрмалаған және 2016 жылғы президент сайлауы алдында өзіне қатысты жағымсыз ақпаратты тартпауын өтініп, үш адамға ауызбастырық ретінде ақша беріп, кемшілігін сайлаушылардан жасырған. Нью Иорк штатының заңы бойынша бұл қылмыстардың бәрін қосқанда 136 жылға бас бостандығынан айыру жаза қаралған.

Элвин Брагг, Манхэттен округының прокуроры:

Бүгін біз барлық адам заң алдында бірдей екенін білдіру үшін өзіміздің жауапкершілігімізді көрсеттік. Ешқандай ақша да, билік те американдық принципті өзгерте алмайды.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Сот тыңдауы бір сағатқа созылды. Трамп өзіне тағылған ешбір қылмыстық айыпты мойындамады. Экс-президент өзі бұған дейін байбалам салғандай бүгін оны ешкім тұтқындамады. Судья нағыз сот процесі келер жылдың қаңтар айында яғни, президенттік сайлаудан бір ай бұрын басталатынын мәлімдеді. Ал, Трамп осы арқылы қарсыластарым сайлауға қайта түсуіме кедергі жасамақ деп мәлімдеп үлгерді. Не де болса, Президент кезінде заң шығарушы орган екі рет импичмент жариялаған Дональд Трам енді үстінен қылмыстық іс қозғалып, айып тағылған АҚШ-тағы алғашқы Ай басшысы ретінде де тарихта қалмақ.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу