Жамбыл облысында жол жөндейтін компанияның жұмысшылары жалақыларын ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында жол жөндейтін компанияның жұмысшылары жалақыларын ала алмай жүр

31.03.2023

Жамбылда жол жөндейтін компанияның жұмысшылары жалақыларын ала алмай жүрміз деп шағымданды. Айтуларынша, бір жылдан бері айлық тұрақты берілмей әбден мезі қылған. «Шымкент спецкомплекс” серіктестігінде істейтін 30-дан аса жұмысшы талабымызды айтамыз деп қудалауға ұшырадық деп жыларман. Олар Жуалы мен Меркі ауданы аралығындағы республикалық ақылы жолды күтіп ұстауға міндетті. Ашынған жұмысшылар айлықты айтпағанда, жол жөндейтін құрал-сайманымыз да жоқ дейді. Қоршаудың қадасын экскаватордың шөмішімен қағып жүргендерін көрсетті.

Мақсат Әжібаев, жұмысшы:

Жұмысшылары, жүргізушілері, механизаторлары бар. Барлығы қолмен жұмыс істейді. Ешқандай техникамен жұмыс істеп жатқан жоқ. Өз өмірімізді бәйгеге тігіп, қауіпті техникамен жұмыс істеп жатырмыз.

Жолға жауапты «ҚазАвтоЖол» мекемесі сұхбат беруден бас тартты. Ал «Шымкент спецкомплекс» серіктестігінің басшылығы жалақының берілмеуін жоққа шығарып отыр. Әлеуметтік төлемдер де тоқтаған жоқ дейді. Дегенмен жөндеу жұмыстары тексерілгеннен кейін ғана айлықтың кешігетінін мойындайды.

Мақсат Құрмантай, «Шымкент Спец Комплекс» ЖШС директорының орынбасары:

Жұмысшылардың мастерлерінің қателігіне байланысты кешіктіріліп берілуде. Қалған адамдар соларға еріп, жұмыс орнында жоқ болғандықтан заң жүзінде акт толтырылып, жұмыстан шығарылды. Ал егер ол кісілер жұмыс жасаймыз десе, біз оларды жұмысқа алуға қарсы емеспіз.

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу