Алматыда көлік жүргізушілері тығырыққа тірелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда көлік жүргізушілері тығырыққа тірелді

30.03.2023

Алматыда кәріз қалдықтарын шығаратын көліктердің 100-ден астам жүргізушісі жұмысты тоқтатамыз деп бекініп отыр. Оған себеп шаһарда лас қалдықты төгуге арналған орын жоқ. Ал, рұқсат етілгені тым алыс. Тұрғындар мұның зардабын біз тартамыз, әкімдік мәселені шешуге құлықсыз, - дейді.

Көшелердегі құдықтарға кәріз қалдығын төгуге тыйым салынған. Ережені елегемендерге әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 505 бабы бойынша айыппұл салынады.

Серік Сыздықов, жүргізуші:

Кез келген люкті ашамыз, төгеміз. Ұсталсақ, айыппұл жазады. Ұсталмасақ кетеміз әрі қарай. Әрқайсысының мойнында 300, 500, 1 млн теңгеге дейін айыппұл тұр.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Мына көліктеге көп дегенде 10 текше метр кәріз қалдығы сияды. Жүргізушілердің айтуынша, олар оның әр текше метрін 700 теңгеден тасымалдайды. Есептеп көрсеңіз жақсы табыс. Дегенмен, кәріз қалдықтары төгілетін арнайы орын қаладан алыс орналасқан. Тиісінше, тасымалдаушылардың тапқан ақшасы көбіне кеткен жанармайды ақтамайды.

Нақтырақ айтса, қалдықтарды төгуге арналған орын қаладан 25 шақырым жерде Түркісіб ауданының аумағында орналасқан. Барып-келудің өзіне 3-4 сағат кетеді.

Амантай Құрмантай, жүргізуші:

Оған да тасыдық бір жылдай. Қазір жанармай қымбаттап кетті. Бір айдай болды жанармай да жоқ. Бізге барып-келуге халықтың берген ақшасы ақтамайды. Біз тарифті көтерейік десек халық шулайды.

Қаладағы нысандардың 80 пайыздан астамы орталық кәріз желілеріне қосылған. Қосылмай қалғандарына 150-ге жуық ассенизатор қызмет көрсетеді. Әсіресе, Наурызбай, Алатау, Әуезов аудандарындағы мейрамханалар, әлеуметтік нысандар мен жеке сектордағылардың күні осы тасымалдаушыларға қарап тұр.

Алма Отарбаева, тұрғын:

Бір апта келмей қалса мына жердің бәрі сасиды. Көршілердікі, бәрінікі толып кетеді. Кейде бұлардың төгетін жері болмай мүлде келмей қалған кездері болған. Мына жерде масқара болған.

Бұған дейін Қалқаман, Думан шағын аудандарында кәріз қалдықтарын төгуге арналған орындар болған. Бірақ, жағымсыз исіне байланысты тұрғындардан шағым түсіп, оларды жабуға тура келіпті. Қала маңынан арнайы жер белгілеп беріңіздер деген ассенизатор жүргізушілерінің талабына тиісті мекеме өкілдері де нақты бір ұсыныс айта алмай отыр

Ақбота Жылысова, «Алматы су» МКК ресми өкілі:

Ол кісілер суды тегін жинап, тегін төгіп жатқан жоқ ғой. Соның бәрін есептеу керек ғой. Өздерінің тарифтеріне кіргізуі керек. Білмеймін бұл жағдайды басқаша қалай шешуге болатынын. Енді ол жеке кәсіпкерлердің мәселесі ғой. Біз жауапты өкінішке қарай бере алмаймыз.

Енді тасымалдаушылар әкімдікке өзіміз барамыз деп бекініп отыр. Бұдан кейін де мәселе шешілмесе,жұмысқа шығудан үзілді-кесілді бас тартамыз дейді. Өйткені, көбісі арнайы көлікті несиеге алған. Ал тапқан табыстары әзірге азық-түлік пен айыппұл төлеуден артылмай отыр.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу