Өскемендік жолаушы тасымалдаушылар тығырыққа тірелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскемендік жолаушы тасымалдаушылар тығырыққа тірелді

04.01.2018

Өскемендік жолаушы тасымалдаушылар дабыл қағуда. Мәселен,облыстық Мемлекеттік кіріс департаменті қоғамдық көлік тасымалымен айналысатын компанияларға млрд-таған салық салып отыр. Қаладағы ірі 7 мекеменің мойнына 4,5 млрд теңге салық ілінді.

Мемлекеттік кіріс департаменті қызметкерлерінің айтуынша, бұл кәсіпорындар бірнеше жыл бойы салық төлеуден жалтарып келген. Тексеру барысында көлік тасымалдаушылары жеке кәсіпкерлермен келісімшарт жасасып, солардың қызметіне жүгінетінін анықтаған. Ал, автобус парктерінің иелері бұл жүйе қашаннан қолданыста әрі заңды деп отыр. Алайда, салық органдары қызметін ұсынып отырған жеке кәсіпкерлердің ортақ табысын жолаушы тасымалдаушы негізгі компанияның кірісі ретінде есептеп, қосымша салық салған. 

Қанат Қалелов, автобус паркінің директоры:

 - Салық кодексінің ешбір бабын бұзған жоқпыз. Салық комитетінің бірде-бір өкілі нақты қай бап бойынша екендігін нақты айта алмай отыр. Жол ақысының мөлшерін қарастыру кезінде олар да қатысады. Қосымша кұн салығы мен ұжымдық табыс салығына қатысты да сол тарифқа қосылмағаны туралы олардың тарапынан ешқандай шағым да, қарсылық та болған жоқ.

Нұргүл Омарбекова, облыстық Мемлекеттік кіріс департаменті аудит басқармасы аудит бөлімінің бас маманы:

- Салық төлеушілерге қатысты  міндеттемелер салық заңнамасының түрлі нормалары арқылы бекітіледі. Ұжымдық табыс салығы бөлек, қосымша құн салығы бөлек есептеледі. Сондай-ақ, салық заңнамасының нормасы да міндетті. Сондықтан, бұл жерде салық заңнамасының бірнеше нормасы бойынша заң бұзушылық тіркеліп отыр.

Зарина ҰЛЫҚБЕК

Хабарламаларға жазылу