Аягөздік кәсіпкерлер тепловоз жетпей тығырыққа тірелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аягөздік кәсіпкерлер тепловоз жетпей тығырыққа тірелді

16.09.2020

Шығыс Қазақстандағы Аягөз қаласында кәсіпкерлер шығынға батып жатыр. Тоғыз жолдың торабында орналасқан шаһарға жүктің басым бөлігі темір жол арқылы жеткізіледі. Алайда соңғы айларда кәсіпкерлер станцияға келген жүктерін өз қоймаларына уақытында жеткізе алмай әуре-сарсаңға түсіп жүр. Талай табалдырықты тоздырып, нәтиже болмаған соң аягөздіктер Ұлттық арна тілшілеріне жүгінді. 

Бұрындары вагондармен үздіксіз жүк келіп жататын темір жол қоймаларының көбі осылай бос тұр. Қазір көмір, астық, құрылыс материалдары көп тасымалданатын кез. Жұмыстың дәл қызатын шағында қиындыққа тап болдық-дейді кәсіпкерлер.

Берік Сәтбаев, кәсіпкер: 

-Жүк Аягөз станциясының басына келеді. Тепловоздың жетіспеуі салдарынан уақытылы келген жүгімізді ала алмаймыз.

Қаладағы 12 қоймаға жалғыз тепловоз ғана қызмет көрсететіндіктен, жүк уақытында жетпей, бос вагондар тұрып қалады. Сондықтан жұмысшылар оларды қолмен итеруге мәжбүр.  Кәсіпкерлер мәселені Аягөз станциясының басшылығына бірнеше рет айтып, түйткілді шешуді талап еткен. Алайда мамандар шу шығаратындай негіз жоқ-деп алаңсыз отыр.

Темір жол қоймаларының иелері болса, күн суытып тұрғындар жаппай көмір ала бастағанда жағдай тіпті ушығатындығын айтады. Қалада қатты отын да қат болуы мүмкін. Сондықтан, түйткілге «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының назар аударып, олқылықты жедел түрде реттеуін талап етуде.

 Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу