Шымкенттік шаруалар тағы да тығырыққа тірелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттік шаруалар тағы да тығырыққа тірелді

29.06.2023

Биылғы қыста көмір тапшылығына байланысты жылыжайдағы өнімдерін үсік шалып, шығынға батқан шымкенттік шаруалар тағы да тығырыққа тірелді. Табыстан қағылған олар енді несиелерін төлей алмай отыр. Қиындыққа байланысты кезінде агронесие корпорациясы диқандарға несие төлемін бір жылға шегеру туралы уәде бергенімен, әлі күнге сөзбұйдаға салып келеді.

Жарқын Мұстафин биылғы қаңтарда 9 гектар жылыжайдағы өнімін түгелдей үсітіп алды. Пайдасын айтпағанның өзінде, көкөністі егуге жұмсалған 100 миллион теңге далаға кетті. 6 гектар жылыжай қазір сол күйі бос жатыр.

Жарқын Мұстафин, шаруашылық басшысы:

Агронесие корпорацмясының Асанадағы кеңсесі неше түрлі бюрократиялық себептермен осы күнге дейін отсрочка берген жоқ. Оның орнына жығылғанша жұдырық болсын деп бүкіл счетымызды, мүлкімізді, ақшамызды арестке қойып тастады.

Шаруашылық қарызға тұқым мен тыңайтқыш алып, қазір 3 гектар жерге жететін көшет өсіреді. Жұмыс ырғағынан жаңылғандықтан шығын да көбейген.

Мерей Телікбаев, агроном:

Қыстың әсерінен 2 айналым жасап жатырмыз. Күзгі және көктемгі. Қысқа айналымның келтіретін кесірі жұмыс күшіне көп ақша жұмсалады. Тұқымды екі рет сатып аламыз. Оның бәрі қосымша шығын.

Шымкент қаласындағы тағы бір шаруашылық қазір тап осындай күйде. Олар да 2 жарым гектар жылыжайын тастап кете алмай не бастап еге алмай отыр.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Жылда мұндай уақытта жылыжайда өнім түгел пісіп, шаруа оныжинаумен ғана айналысып жататын. Ал биылғы жағдай мынау. Салдарынан аймақта қызанақтың бағасы 5 есеге дейін өсіп кетті. Ал жуырда ғана отырғызылған қызанақ өсікіні енді ғана бой көтере бастаған. Ол пісіп жетілемін дегенше әлі 3-4 ай уақыт керек.

Үкіметтік комиссия мүшелері қыста болған жағдайды көзімен көріп кеткенімен, енді соны қағаз жүзінде дәлелдеуді талап етеді.

Ринат Кемешов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ департамент директоры:

Қанша гектардың шығынға ұшырағаны белгілі болуы тиіс. Қандай жағдайда, не себепті болды. Осының бәрін толыққанды зерттеу арқылы біз несиенің құрылымын қайта қарап бере аламыз. Қажетті құжат болмағандықтан біз оны қарастырып бере алмай отырмыз.

Ең қиыны, жылыжай шаруашылығындағы 150-дей жұмысшы екі айдан бері жалақы ала алмаған. Ал есепшоты мен мүлікі бұғатталып, шаруасы шатаяқтаған диқанның қарызды қайтаруға шамасы жоқ.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу