«Кандидаттар қазірдің өзінде сайлауға белсене атсалысып, бізді таңқалдырып отыр.» Ұжымдық-қауіпсіздік шарты ұйымының өкілі, Белоруссиядан келген байқаушы Александр Маркевич журналистермен кездесуде осылай деді. Үгіт-насихат барысында саяси партиялардың жүйелі түрде жұмыс жүргізгенін де жасырмады. Саяси науқан барысында аталған ұйымның 11 өкілі еліміздің әр өңірінде байқаушы ретінде қызмет атқармақ.
Александр Маркевич, ҰҚШҰ байқаушылары миссиясының басшысы:
Бір мандатты округ бойынша өзін-өзі ұсынған кандидаттардың санын көргенде таңқалдық. Қаншама адам саяси шараға қызығушылық танытып жатыр. Ұжымдық-қауіпсіздік шарты ұйымының миссиясына ұйымдағы барлық елдің өкілдері кіретінін айта кету керек. Сайлауалды дайындық барысы қуантып отыр. Саяси науқан сәтті өтеді деген үміттеміз.
Ал мәжіліс мандатының 30 пайызы әйелдер мен жастарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға берілуі Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының ерекше назарына ілікті. Қазақстанда жаңа саяси партиялардың тіркелуі мен шет мемлекеттерде 70-тен астам сайлау учаскесінің ашылуы да байқаушылардың көңілін қуантты.
Реджеп Шекер, Түркітілдес мемлекеттер ПА байқаушылар миссиясының мүшесі:
Бүгінгі кездесуде жаңа сайлау шарттары, ережелері, дайындық жұмыстары туралы ақпаратты алдық. Орталық сайлау жұмысының артқанын көріп отырмыз. Өзін-өзі ұсынған 435 үміткердің тіркелуі де Қазақстан халқының сайлауға белсене араласатынын білдіреді. Бұған қоса, сайлаудың дәл наурыз мейрамының қарсаңында өтуі де ерекше жағдай деп есептеймін.
Назым Қайрат