АҚШ-тағы банк жүйесі тұрақсыз болып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-тағы банк жүйесі тұрақсыз болып тұр

15.03.2023

Екі күн ішінде екі ірі банкі банкрот болған АҚШ-тың банк жүйесі әлі тұрақталмай тұр. Ақ үй басшысы Джо Байден салымшылардың қаржысы толық сақталады деп халықты сабырға шақырғанымен қор нарығы қалпына келе қоймады. Керісінше, бірнеше қаржы институтының акциялары күрт түсіп кетті. Меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы тарқатады.

Өткен аптадан бері инвесторлармен қатар қарапайым салымшылар да маза қашты. Бар жиған тергенінен айырылып қаламыз ба деп алаңдаулы. Бүгін таң ата бірнеше қалада клиенттер банкрот болған банктердің алдына жиналды. Оларға кофе мен тәттілер ұсынып, басу айтқан Федералдық депозиттерді сақтандыру корпорациясының өкілдері салымдар толық өтелетінін мәлімдеді.

Боб Смит, банк клиенті:

Алғашқыда аздап алаңдағаным рас. Бірақ менің жинағым толық сақтандырылған. Сондықтан ақшамды қайтарып алатыныма сенімдімін.

Банк дағдарысының алдын алып, халықтың сенімін қайтару үшін арнайы мәлімдеме жасауға мәжбүр болған президент тығырықтан шығу мақсатында сақтандыру қорынан ақша бөлінетінін айтты. Оның ішінде қаржы институттарына енді қат кезінде төтенше жағдай қорларынан және ұлттық банктен несие алу мүмкіндігі жеңілдейді. Десе де, Байден мұндай оқыс жағдай енді қайталанбас үшін Конгрестен банк талаптарын қатаңдатуды сұрамақ.

Джо Байден, АҚШ Президенті:

Бұл банктер мұндай жағдайға қалай түсті деген маңызды сұрақ туындайды. Біз оның себебін анықтап және кінәлілерді жауапқа тартуымыз керек. Ешкім де заңнан жоғары емес. Түптеп келгенде, мұндай жағдай қайталанбас үшін әрекет етуіміз қажет.

2008 жылғы дағдарыстан соң банк жүйесі қатаң бақылауға алынған еді. Алайда, Трамп кезінде республикашыл депутаттар талапты жеңілдетіп, 250 млрд доллардан төмен активі бар банктерді қадағалауды азайтқан. Салдарынан бақылау әлсіреп, санаулы күнде үш банктің банкротқа ұшырауына әкелді дейді Корнелл университетінің заң профессоры Сәуле Омарова.

Сәуле Омарова, университеттің заң профессоры:

Кейбір ережелердің күші жойылған соң, реттеушілерде бұл шағын банктерді тексеру мүмкіндіктері әлдеқайда азайды. Яғни, олардың қаншалықты қауіпсіз, қаншалықты икемді екенін және қандай жүйелік қауіп төндіретінін немесе тудырмайтынын тексере алмайды.

АҚШ президенті банк дағдарысына жол бермеу үшін кез-келген шараны қолға аламыз деп уәде берсе де, қор биржаларында бірнеше америкалық банктің акциялары күрт құлдырады. Мәселен, PacWest 53%, Бірінші Республика банкі 77%, ал, Western Alliance 82% құнын жоғалтты. Бағалы қағаздар бағамы тым құбылып кеткендіктен қорлардағы сауда бірнеше рет тоқтатылған.

Жалға Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу