Кәсібі қауіпті еңбек адамдары нағыз құрметке лайық - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсібі қауіпті еңбек адамдары нағыз құрметке лайық

14.03.2023

Кәсібі қауіпті, бірақ, жұмысына жауапты қарапайым еңбек адамдары нағыз құрметке лайық. Сұлухан Жалғасова 16 жылдан бері медициналық бұйымдар шығаратын фабрикада еңбек етіп келеді. Бастапқыда оператор - қаптаушы қызметінен бастаған ол бүгінде цех жетекшісі. «Адал еңбек – бәрін жеңбек» деген ұстанымы бар Сұлухан Жалғасованың күнделікті жұмысы осы: медициналық маскалардың таза әрі талапқа сай болып шығуын қадағалайды.

Сұлухан Жалғасова, цех жетекшісі:

Мына масканы шығару, адамдардың оны тағып, өмірлерін сақтауы өзіме де мақтаныш сезім болады. Өзің еңбек етіп, жүгіріп жүріп, жан-жағыңмен алысып, адамдарға көмектесіп жүріп тапқан еңбек өте тәтті сияқты.

Кәсіпорында бетперденің түр-түрі шығарылады. Шуы қатты станокпен күнделікті аяқтан тік тұрып, 8 сағат бойы жұмыс істеу оңай емес. Әсіресе, пандемия кезінде қызметкерлерге ауыр салмақ түсіп, үлкен жауапкершілік артылған. Бір күнде 200 мың маска шығарған.

Сұлухан Жалғасова - үш перзент тәрбиелеген ардақты ана. Төрт немересі бар. Жұмыстан босай қалса, кішкентайларды қараудың қамына кіріседі.

Маржан Нүсіпбай, қызы:

Отбасын емес, бірінші жұмысын алға қойған адам. Осы жұмыстың арқасында бізді оқытты. Тұрмысқа берді. Анам осы фирманың тірегі десем де болады.

Еңбек адамының несібені маңдай термен табуға деген құлшынысы - көпке үлгі. Білікті маман осы жерден зейнетке шыққысы келеді. Оған дейін талай жасты адал қызмет пен ұқыпты жұмысқа үйретіп кетері анық.

Фариза Мұсақызы

Хабарламаларға жазылу