АҚШ-та «Оскар» сыйлығының кезекті марапаттау рәсімі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та «Оскар» сыйлығының кезекті марапаттау рәсімі өтті

13.03.2023

АҚШ-та «Оскар» сыйлығының кезекті марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шара Лос-Анджелестегі Долби театрында болды. Кино саласындағы белді жүлдені табыстау рәсімі жайлы Арай Төлегенқызы баяндайды.

Бұл биылғы Оскар жүлдесіне лайықты деп танылған «Барлығы бірден бір жерде» картинасынан үзінділер. Ғылыми фантастика 7 Оскарды иеленді. Ал фильмде басты рөлді сомдаған малайзиялық актриса Мишель Йео «Үздік актриса» атанды. Бұл тарихи сәт. Себебі Кино өнері академиясы жүлдесінің 95 жылдық тарихында Оскарды бірде-бір азиялық актриса алмаған.

Мишель Йео, актриса:

Бүгінгі кешті тамашалап отырған ұл-қыздарға айтарым бұл үміт пен мүмкіндіктердің белгісі. Армандардың орындалатынының дәлелі. Армандар шынымен орындалады.

«Кит» фильмінде басты рөлді сомдаған Бренден Фрейзер «Үздік актер» атанды. Ол фильмге түсу үшін келбетін түбегейлі өзгерткен. Сол үшін де үздік грим және шаш үлгісі бойынша бас жүлде алды.

Ал «Үздік деректі фильм» номинациясы бойынша канадалық режиссер Дэниел Роэрдің «Навальный» атты картинасы алға шықты. Ресейдің оппозициялық саясаткері туралы фильм бұған дейін Британияның «Бафта» жүлдесінің лауреаты атанған.

Үздік анимациялық фильм аталымы бойынша «Гильермо дель Тороның Пиноккиосы» мультфильмі иеленді. Ал әлемдік прокатта 2 миллиард доллардан астам қаржы жинаған «Аватар. Су жолы» фильмі болса, визуалды эффектілері бойынша озық деп танылды. «Үздік шетелдік фильм» атанған «Батыс майданда өзгеріс жоқ» фильмі бірден 4 Оскар жүлдесін иеленді. Соғыс тақырыбына арналған картина әйгілі неміс жазушысы Эрих Мария Ремарктың аттас романының желісімен түсірілген.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу