Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында тасқын судың алдын алу үшін төтенше жағдай жарияланды. Ал қалада еріген қар суы каналдың ернеуінен асып, көпқабатты үйлердің жертөлесін су басты. Өңірдегі әріптесім Ардақ Мұратқызы бізбен тікелей эфирге шығуға әзір тұр. Ардақ, аймақтағы қазіргі ахуал қандай?
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Қазір күн бұлтты, қатты жел, бүгін қар аралас жаңбыр болады деп болжанып отыр. Иә, кеше кеште қаладағы Сарытау шағынауданында қарғын су үйлерге қауіп төндірді. Оның алдын алу үшін Айтқұлов көшесіндегі асфальт арнайы техникамен бұзылып, жол жырылды. Қарғын су осы біз тұрған Зачаган кентіндегі каналға келіп құяды. Судың екпіні қатты болғаны соншалық, бір мың диаметрлік құбырлар суды өткізіп үлгере алмай, канал толып, ернеуінен асты. Салдарынан жол бойындағы көпқабатты үйлердің жертөлесін су басты. Жертөледе электр қондырғысы болғандықтан, кейбір үйлер жарықтан ажыратылды. Кешкі сағат 9-да қалада су беру де тоқтатылды. Төтенше жағдай мамандары түн ортасына дейін каналдағы суды қуатты мотопомпалармен сорып, әрі қарай өткізді. Қазір, көріп тұрғаныңыздай, су деңгейі түскен. Жалпы 8 жеке үйге су кірген. Кеше Бөрлі ауданында төтенше жағдай жарияланды. Жалпы 6 ауданда ахуал күрделі. Ол туралы сала басшысы брифингте айтты.
Ернұр Өтегенов, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:
Асан ауылында Қаныш Сәтпаев пен Байтұрсынов көшелерінде дала жақтағы ең ылди жерде тұрған үйлерге бүкіл су ағыны келіп, аулаларына кіріп, Бәйтерек ауданы әкімшілігімен комиссия жұмыстанып, келтірілген залалды анықтап жатыр.
Сондай-ақ штаб өкілдері өзен-көлдерді әуеден барлап қарады. Бұдан бұрын Деркөл және Шежін-2 өзендерінің деңгейі қауіпті межеге жеткен еді. Қазір су деңгейі түсті. Жағдай қалыпты деді мамандар.
Ардақ Мұратқызы