Басты Жаңалықтар Елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады

Елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады

Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы рекордтық деңгейге жетті. Ресми деректерге сүйенсек, ел тұрғындарының орташа жасы 76 жасқа жақындады. Бұл – тек статистика емес, бұл – халық денсаулығының жақсарып, өмір сапасының артып келе жатқанының айқын көрсеткіші.

Маржан Жақыпова – 70 жаста. Бүгінге дейін сергек, ширақ. Соңғы үш жыл бойы белсенді ұзақ өмір сүру орталығына үзбей келіп жүр. Мұнда ол тек денесін шынықтырып қоймай, қатарластарымен сырласып, рухани дем алады. Айтуынша, ұзақ әрі сапалы өмірдің сыры – қозғалыс пен жақсы көңіл-күйде. Себебі «жаны саудың – тәні сау», ал көңіл тоқ болса, денсаулық та мығым болады.

Маржан Жақыпова, зейнеткер:

Мен өзім де бала-шағамен, немерелермен отырдым. Қазір көңілді жүремін. Барлық ауру-сырқау ұмытылады.

1991 жылы қазақстандықтар орта есеппен 65,7 жас өмір сүрсе, 2001 жылы бұл межеге сәл ғана өсім қосылды. 2011 жылы көрсеткіш 69 жасқа жетті. Ал 2021 жылы 70,23 жасқа дейін көтерілді. Яғни, 35 жыл ішінде орташа өмір сүру ұзақтығы шамамен 8 жылға ұзарды. Бұл – ел тарихындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Мамандардың айтуынша, өмір жасының ұзаруына бірнеше маңызды фактор әсер етіп отыр. Ең алдымен, денсаулық сақтау саласындағы жүйелі реформалар. Сонымен қатар профилактикаға басымдық берілуі мен медициналық қызметтің қолжетімділігі де өз нәтижесін беріп жатыр.

Әсел Қыдырәлиева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:

Ең алғашқысы және бастысы бұл инфекциялық емес аурулармен күрес. Одан бөлек ана мен бала денсаулығын қорғау біздің басым бағыттарымыздың бірі болып саналады. Үшіншіден жоғары мамандандырылған шалғай жатқан елді мекендерге медициналық көмектің қолжетімдігін арттыру.

Былтыр Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірінде инфекциялық емес аурулардан болатын өлім-жітімді азайтқан елдердің алғашқы ондығына енді. Бұл бағыттағы көрсеткіш 25 пайызға жақсарған. Жалпы, өмір сүру ұзақтығы – елдегі медицинаның ғана емес, жалпы әлеуметтік ахуалдың айнасы. Халықтың әл-ауқаты артқан сайын, өмір жасы да ұзара түседі. Қазір мамандар жаңа мақсат қойып отыр. 2029 жылдың соңына дейін қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа жеткізу көзделген.

Бөлісу