Басты Жаңалықтар «SuperStar KZ» – Ақтауда

«SuperStar KZ» – Ақтауда

Ақтауда «SuperStar KZ» жобасының кастингіне 100-ге жуық адам қатысты. Маңғыстаудың түкпір-түкпірінен жиналған жастар ән байқауында бақ сынап, өнерлерін паш етті. Айта кетейік, талайдың жұлдызын жаққан «SuperStarKZ» жобасы араға 20 жыл салып, Ұлттық арнаның ұйымдастыруымен қайта оралды. Байқаудың алғашқы кастингі Шымкент қаласында өтті. 

«SuperStarKZ» жобасына әріктеу еліміз бойынша 9 қалада өтеді. Ақтау – жайдан-жай таңдалмаған. Бұл өнерлі өңір қазір қазақ эстрадасында жүрген өнер майталмандарының көбі осы аймақтан,  дейді ұйымдастырушылар.

Алтынбек Рахметов, «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының креативті продюсері:

«SuperStar KZ» жобасы желтоқсан айында аяқталады. Ал 2027 жылдың қаңтар айынан бастап біздің қазақ эстрадасының сахнасы көптеген жаңа есімдермен толығады деген ойдамыз. Жаңа леп беріп, жаңа толқын әкеліп, жаңа әншілерді Қазақстан халқына паш ету - Ұлттық арнаның мақсаты.

Бір қызығы - Ақтауда өткен байқауға Алматы, Тараз және Атырау қалаларынан да өнерпаздар келген. Жоба жетекшілері жастардың  «SuperStar KZ»-ке қызығушылығын жоғары бағалап отыр. Ақтаулық Орынбасар Сенбаев - өнер колледжінің түлегі. Жастайынан ән жазып, оны өзі орындайды. 20 жастағы әншінің қазір 20-ға жуық әні бар.

Орынбасар Сенбаев, Ақтау қаласының тұрғыны:

«SuperStar KZ»-ке мен жарнамадан қарап келдім. Жақсылап дайындалдым екі күн бойы. Жеңіске жетемін деген ниетпен келдім. Көңіл күйім өте керемет, жақсы сезімде жүрмін. Жалпы, бағымды сынап көрейін деп және өзімнің жазған әндерімді халыққа паш етейін деп қатысып жатырмын.

16 жастағы Рысбек Есенғали да «SuperStar KZ» жобасы болады дегенді естігеннен тыным таппаған. Күнде ән айтып, байқауға тыңғылықты дайындықпен келген.

Рысбек Есенғали, Таушық ауылының тұрғыны:

Ән айтқанды жаным сүйеді. 7 жасымнан бері ән айтып жүрмін. Ауылдарда, облыстық, республикалық сайыстарға қатысып жүрдім. Бұл сайысқа қатысу себебім - Қазақстанның танымал әншілерімен бірге ән айту, сахнаға шығу, танымал болу. Қатысушыларға сәттілік, маған жеңіс тілеймін.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

«SuperStar KZ» жалындаған өнерлі жастардың жұлдызын жағатын өнер додасы. Бұл жерде олар өнер көрсетіп қана қоймай, бір-біріне демеу болып, нағыз достықтың үлгісін көрсетуде.
Бөлісу