Семейде «Келешек мектептері» жобасы аясында білім ошағы ашылды
Семейде «Келешек мектептері» жобасы аясында тағы бір білім ошағы қолданысқа берілді. Заманауи талаптарға сай салынған ғимарат «Связист» кентінде орналасқан. Жобаның құны – 3 млрд 773 млн теңге. Білім ордасы 300 оқушыға арналған. Мектепте сапалы білім алуға барлық жағдай қарастырылған. 30 пәндік кабинет бар. Информатика, робототехника, химия, биология сыныптары қажетті материалдық техникалық базамен қамтылған. Білім ошағын салтанатты түрде облыс әкімі табыстады.
Берік Уәли, облыс әкімі:
Осы мектепті іске қосу арқылы біз Шығыс кентіндегі мемлекеттік мектепке қатысты өзекті мәселені толық шештік деп айтсақ болады. Мемлекет басшысы, Үкіметтің қолдауымен осындай мектептерді салып, халыққа жайлы жағдай тудыруымыз керек. Өйткені біздің облысымызда осы уақытқа дейін дарынды балаларға арналған мектептер жоқтың қасы. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін, дарынды балаларға арналған мектептерді көптеп салуды жоспарлап отырмыз.
Мектептің негізгі миссиясы – сапалы әрі қолжетімді білім беру арқылы оқушылардың зияткерлік, рухани және әлеуметтік дамуына жағдай жасау. Жасанды интеллект пен инновациялық технологияларды пайдалану арқылы балалардың жеке қабілеттерін ашу. Ерекше білім беруді қажет ететін жетіншектерге де қолайлы орта қалыптастырылған. Тактильді жолдар мен лифт орнатылған. STEM-зертханалар, би, соңғы үлгіде жарақталған спорт залы бар. 3 мыңнан астам тұрғыны бар кентте осыған дейін оқушылар қаладағы әр мектепке қатынап оқыды. Енді жаңа мектепке ата аналар да оқушылар да шексіз риза.
Шалқар Хамилаев, тұрғын:
Қиындық көп болды. Жаяу да бардық. Саяжайдың ішінен шыға алмадық. Бұл өзіміздің үйдің іргесінен салынған мектеп. Ішінде соңғы үлгідегі жабдықтар бар. Бәріміз қуаныштымыз. Жаңа мектепке балаларымыз да қуанышты.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы