Оралда бірнеше нысанның жертөлесін су басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда бірнеше нысанның жертөлесін су басты

11.03.2023

Орал қаласында жатақхана, мектеп секілді оншақты әлеуметтік нысанның жертөлесін су басты. Кәріз жүйесі қарғын суға толып, кешелі бері қалада ауызсу беру тоқтатылды. Өңірдегі өзендердің арнасы толып, қауіпті деңгейден асты. Ардақ Мұратқызының репортажы.

Бұл - медициналық колледж жатақханасының жертөлесі. Ағып жатқан кәріз суы қолқаны қабады. Жертөледегі 120 орындық асхана, тамақ пісіретін, ыдыс жуатын бөлмелер, әкімшілік кабинет - түгел суға кеткен. Тоңазытқыш, электр пеші, кір мәшинесі секілді тұрмыстық техника жарамсыз болған.

Лариса Тоғызақова, жатақхана коменданты:

Мынау деген кір жуатын бөлме. Жарық қоспай-ақ қояйын. Бүкіл кір жуғыш машиналарды көтеріп қойғанбыз. Бәрі пайдасыз қалды. Су міне 30 см-дей көтерілді осылай.

Жарық өшіп, апатты жағдай қалыптасқан соң жатақханадан 140 студент эвакуацияланды. Олар тума-туыс, тамыр-таныстардың үйіне жайғастырылды.

Асхат Әбдірахманов, аудан тұрғыны:

Кеше қызымыздан хабар келді, осындай жағдай болып жатыр деп. Кешкісін келіп алып кеттік қасындағы қызбен бірге. Атыраудан келіп оқитын қыздар бар. Олардың баратын жері жоқ. Біз алып кеттік бірге.

Кеше түнде қарғын су Зачаган кентіндегі тұрғын үйлердің аулаларына кірді. Көмек жетіп үлгермеген соң, жұрт өз бетінше суды жырып, жол ашты. Тұрғындар көшелердің көбінде арық, су өткізетін құбыр жоқ екенін айтады.

Мира Сыдықова, қала тұрғыны:

Су түсте 13:00-14:00 шамасынан бастап келді. Қатты келді. Өз бетімізше тазаладық. Шелекпен, қолмен тасып тазаладық. Үйге кіруге жақын қалды.

Кешелі бері шаһардағы 320 мыңнан астам тұрғын сусыз қалды. Кәріз жүйесі суға толып, кешкі 20:00-ден су беру тоқтатылды. Бүгін су кестемен беріліп жатыр.

Эльвира Қожабергенова, қала тұрғыны:

Таңертеңгісі график бойынша берілген жоқ. Түстегісі де. 12:40-та хабарлады. 5-10 минут болды келгенімізге, бірақ кісі толып тұр. Қиын әрине, баламен де, туалетке де. Жинап үлгерген жоқпыз, кеште айырып тастады.

Қаламен қоса, облыста Бәйтерек, Тасқала аудандарында жағдай күрделі. Өзендердегі су деңгейі бір тәулікте 158 смге көтерілген.

Нұралы Мүсиев, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысы:

Деркөл мен Шежін-2 өзендерінде судың күрт көтерілуі тіркелді. Жалпы, ең жоғары көрсеткіш Деркөлде - Тасқала елдімекенінде - 557 см, Шежін-2 өзенінде 799 см болды. Қазіргі таңда бұл өзендердегі су деңгейі минус 20 см-ге түсті. Елдімекендерге қауіп жоқ.

Дегенмен өңірде ахуал күрделі. Мамандар жағдайды күндіз-түні бақылауда ұстамақ.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу