Елімізде әйел жүргізушілерге сұраныс артып келеді. Такси тізгіндеген бұрымдылар мұның бірнеше себебі бар дейді. Олардың қызметіне балалар мен қыз-келіншектер жүгінеді. Тілшіміз жолаушылар тасымалын табыс көзіне айналдырған көп балалы анамен тілдесіп келді.
Елордалық Тоғжан Досыбаева 13 жылдан бері такси жүргізеді. Бірақ барлығын бірдей тасымалдамайды, тек әйелдер мен балаларға ғана қызмет көрсетеді. Бала күтімімен демалыста отырған ол айына кемінде екі жүз мың теңге тауып жүргенін айтты. Жұмысы өзіне қолайлы көрінеді. Төрт баласына да уақыт табамын деп отыр.
Тоғжан Досыбаева, такси жүргізушісі:
Бұл жерде біз тек әйелдермен жұмыс істейміз. Тек балалармен. Сол себепті жұмыс істеуге бұл әйелдерге қауіпсіз. Және қосымша табыс табуға да бұл өте пайдалы деп ойлаймын. Қолжетімді. Көлік жүргізетін аналарға бұл сервис дұрыс деп ойлаймын. Себебі ер адамды тасымайсың. Өздеріңіз білесіздер қалада ер адамдарды тасыған такси жүргізушілеріне өте қауіпті.
Тоғжанның негізгі жолаушылары – мектеп оқушылары. Оларды таңертең мектепке апарып, кешке алып қайтады. Одан бөлек, қосымша тапсырыс та жиі түседі екен. Яғни, күннен күнге сұраныс артып отырғанын жеткізді. Психологтар мұны әйел такси жүргізушілерге сенім жоғары болуымен түсіндіреді.
Ержан Мырзабеков, психолог:
Жалпы әйел кісі өз табиғатында қауіпсіздікке көбірек мән береді ер азаматтарға қарағанда. Әйелдің табиғатында тәуекел, азарт, батылдық деген қасиеттер төмендеу болады. Сондықтан әйел кісілер жалпы қоғамдық қозғалыс жағынан болсын, жалпы өмірде болсын ең қауіпсіз жолдарды таңдайды.
Әлеуметтанушылар да көлік тізгіндеген адам, ең алдымен кәсіби маман болса болғаны деп отыр. Өйткені, ол жолдағы кез келген жағдайға дайын болуы шарт. Яғни өз мамандығын жақсы білетін адамның ер, не әйел екені маңызды емес дейді.
Абылайхан Қалназаров, әлеуметтанушы:
Әйелдер ер адам секілді бұрынғыдан да белсеніп, білек сыбанып, кәсіпкерлікке, саясатқа, өндіріске ене түсті. Кәзіргі заманның спецификасы сондай. Әйел кісілер өз-өзін реализация жасауы керек. Оған теріс қарамау керек.
Дегенмен қазір қанша нәзік жандының такси қызметінде жүргені белгісіз. Ол туралы арнайы статистика жүргізілмейді . Белгілісі соңғы деректер бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 1 миллион 200 мыңның шамасында. Оның тең жартысы – әйелдер.
Серік Селеубайұлы