Президент әйелдер қауымын 8 Наурыз мерекесімен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент әйелдер қауымын 8 Наурыз мерекесімен құттықтады

07.03.2023

«Ұлтымыздың дүниетанымында әйелдің орны ерекше». Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиынға қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Әрі «ең қастерлі құндылықтарымыз Жер ана, Отан ана ұғымдарымен байланысты» екенін айтты. Мерекелік кеш барысында «Ару ана» үздік әйелдер жобалары байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Тілші толықтырады.

«Ананы ардақтап, қыз баланы қадірлеу - біздің ата дәстүріміз» деді Президент. Мемлекет басшысы Ұлтымыздың дүниетанымындағы әйелдің орнына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сұлулық пен нәзіктік, мейірім мен шапағат, бәрі де сіздерден бастау алады. Шын мәнінде, әрбір адам үшін анадан ұлы, анадан қымбат ешкім жоқ. Ең қастерлі құндылықтарымыз Жер ана, Отан ана ұғымдарымен байланысты. Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді деген. Бұл сөздің айрықша мән-маңызы бар. Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесінен басталады.

Президент Ұрпақ тәрбиесіне мемлекет те ерекше назар аударып отырғанын айтып, «жастарға салынған қаражат ең ұтымды инвестиция екенін» ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір еліміз ауқымды дамудың маңызды кезеңіне қадам басты. Әділетті Қазақстанды құру үшін ауқымды реформаларды қолға алдық. Ең бастысы ел ішінде отаншылдық, мемлекетшілдік рух мықты болуы керек. Біз көк байрағымызды биік ұстайтын, білімді, ұлтжанжы ұрпақ өсіруіміз керек. Жастарға салынған қаражат ең ұтымды инвестиция екені белгілі. Қазір қыздарымыз әлемнің үздік университтерінде білім алып жатыр. Жаһандық компанияларда жұмыс істейді. Сан түрлі кәсіпті меңгерген әйелдер қоғамның әр саласында еңбек етіп жүр.

Былтыр өз кәсібін ашқысы келетін 6 мыңнан астам көп балалы әйелге грант берілді. Осының арқасында «ауылдағы қыз-келіншектер бизнеспен белсенді айналысатын болды» деді Мемлекет басшысы. Мыңдаған әйел бюизнесін жүзеге асыруға мемлекеттен субсидия алғанын еске салып, бұл іске жалпы сомасы 250 млрд тг жұмсалғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Менің тапсырмаммен Отбасы және гендерлік теңдік жаңа тұжырымдамасы қабылданды. Бұл құжат әйелдердің өзін-өзі дамытуға мол мүмкіндік бермек. Шын мәнінде, әрбір әйел отбасында бақытты, қызметте табысты, қоғамда белсенді болуыға лайықты. Былтыр балалар жылында ауқымды шаралар атқарылды. Балаға қамқорлық - түптеп келгенде анаға қамқорлық деген сөз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді.

«Ару ана» үздік әйелдер жобалары байқауының жеңімпаздарын қатарында бар. Оларды Президент марапаттады.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу