Ұлттық киімді үлгі еткен ұрпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық киімді үлгі еткен ұрпақ

03.03.2023

Оралдағы мектептердің бірінде оқушылар 1 наурыздан бастап түгел ұлттық нақыштағы киім киіп жүр. Тек балалар ғана емес, мұғалімдер де жұмысқа қазақы заманауи стильдегі шапан- қамзолмен келеді.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Біз қазір №30 мектептеміз. Мында барлық оқушылар ұлттық киім киіп жүр. Өте әдемі, жарасымды. Қазір біз оқушылардың пікірін сұрап көрейік. - Атың кім? - Сабина. - Сабина, ұлттық киім киген ұнай ма саған? - Иә, маған осылай жүрген ұнайды. - Кәжекейің әдпмі екен. Кім тігіп берді. - Анамыз тігіп берді. Енді сыныпта бәріміз осылай ұлттық киіп жүреміз. - Ой, жарайсың! Рахмет көп-көп! Мінекей, оқушылар осылай бір ай бойына ұлттық нақыштағы киім киіп жүреді.

Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова атындағы қалалық орта мектепте екі мыңнан аса оқушы білім алады. Бастапқыда тек бастауыш сынып ұл-қыздары бұл бастаманы қоштаған. Кейін жоғары сынып пен мұғалімдер де заманауи стильдегі костюм, қамзол киіп, ұлттық әдеп-ғұрыпты ұстанып жүр.

Жанна Социализм, №30 мектеп директорының орынбасары:

2018 жылдан бастап 1 наурыздан 22 наурыз - өзіміздің Жаңа жылымызға дейін ұлттық киімімізді насихаттап, қазақша киініп бастадық. Бізге осындай мүмкіндік жасап отырған ең бірінші - ата-аналарымыз. Ұсыныс ата-аналар тарапынан болды.

Бүлдіршіндердің партада бірыңғай ұлттық киіммен отырғандары келісті-ақ. Тәрбие сағатында қазақы киімнің мән маңызы, ою-өрнектің мағынасы , жасына қарай кию ерекшелігі ашып түсіндіріледі. Оқушылар тек мектепте емес, мәселен, оқу орталығына, кітапханаға барғанда да қазақы киінуді сәнге айналдырған. Бұл мектепте өтетін шараларға ата-аналар да ұлттық киіммен келеді.

Аида Салимова, қала тұрғыны:

Екі қызым оқиды. Ол - өте үлкен өнеге, насихат деп ойлаймын. Қазақтың тәрбиесін осы кезден бастап балалар бойына сіңіріп, қазақ екенін біліп жүрсін деген ниеттен туған өте жақсы бастама.

Тәрбиесі озық мектеп 14 наурыз көрісу күнінде аулада қазан көтеріп, бауырсақ пісіріп, көне мерекені жаңғыртады. Бір ай бойына ұлттық салт-дәстүр жайлы тәрбие сағаттарын өткізіп, ұлттық құндылықты ұлықтауға атсалысады.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу