Ұлттық құндылықты кәсіппен ұштастырған өнер иесі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық құндылықты кәсіппен ұштастырған өнер иесі

02.03.2023

Ұлттық құндылықты кәсіппен ұштастырған өнер иесі. Атырау облысындағы Береке ауылының тұрғыны төл аспаптың өндірісін өркендетіп келеді. 

Нұрлыбек – домбыраны кәсіби түрде меңгерген шебер. Сондықтан әр жасаған туындысын асқан ұқыптылықпен тексереді. Өйткені тұтынушыға тек сапалысы ғана баруы тиіс. Айына төл аспаптың 100 шақтысын дайындайды.

Нұрлыбек Бисенбаев, домбыра шебері:

Осы шеберханамызбен мақсатымыз сол жақсы домбыралар шығару. Қолжетімді, құлағы бұралмайтын, балаларға тартқан кезде ыңғайлы, бауыры жұмсақ, дауысының күмбірі бар.

Шеберхана толық автоматтандырылған. Яғни қол күшінен гөрі заманауи техникаға басымдық берілген. 5 адам жұмыс істейді. Айналасы жеті жылдың ішінде шебер 3 мыңның үстінде домбыра дайындап шығарды. Ұлттық аспап тіпті ресейге де жиі жөнелтіледі. Музейге де қойылғаны бар. Көбінесе қайың мен қарағайды пайдаланады. Ол қоңыр үн береді дейді. Ал оюдың дизайнын арнайы бағдарламамен үйлестіреді.

Ғафуржан Айтпаев, домбыра цехының жұмысшысы:

Мына өрнекті алдымен компьютерге өндіріп аламыз. Сызбасын, жобасын сызып. 

Ағаштан түйін түйген Нұрлыбектің бекзат өнерге келуіне әкесі мұрындық болған. Өмірлік ұстазы ұлының талпынысын жоғары бағалайды.

Тұрлан Бисенбаев, жыршы:

Қазір нарық заманы болғаннан кейін, қалай болса солай істеп тастайтын шеберлер көбейді. Соны арқалап әкеліп сатып жатқан адамдар бар. Бірақ біз жасап жатқан домбыраларымыздың қай жағынан алғанда да жақсы. Солардың орнын басады деп ойлаймын. Адамдар түсінетін шығар.

Жігерлі жас алдағы уақытта айына 500 домбыра дайындайтын үлкен цех ашқысы келеді. Осылайша ол елде ұлттық аспаптың өндірісін жаңа белеске көтеруді көздейді.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу