Еліміздің өзге аймақтарында қыс қаһарына мініп тұрғанда, түстіктегі Сарыағашта құлпынай пісті. Бұған дейін диқандар жылыжайда тек көкөніс пен гүл ғана өсіріп келсе, енді жемістің бұл түрі жабық алқаптарда желек жайған.
Жемісі осыдан бір күн бұрын теріп алынған құлыпынайлар қайта гүл ашып, көк түйіндері тағы да қызара бастады. Диқан Сарыағаш топырағына жемістің кореялық тұқымын жерсіндірген. Оның артықшылығы суыққа өте төзімді. Жайқалып желек жайған құлпынайдың өнімі былтырғы желтоқсан айынан бері терілуде.
Ашрап Ешімбергенов, бағбан:
Өнімділігі бір маусымда желтоқсан айынан сәуір айына дейін өнім бергенде бір түптен жарты келіге дейін өнім береді. Орта есеппен алғанда 1 гектардан 25 тонна өнім алсақ болады.
Құлпынайларға күнделікті 4-5 адам күтім жасайды. Диқан мол өнім алу үшін топырақты құнарландыруға да күш салған. Жидектер жерде емес, арнайы қапшыққа отырғызылған. Ішіндегі органикалық тыңайтқыш биогумс, мақта шіріндісі, күріштің қабығымен байытылған. Оны диқанның өзі әзірлейді.
Феруза Қожабекова, жұмысшы:
Күнделікті жұмысымыз жапырақтарды аламыз Ультрацилді ашамыз, кешкісін қайта жабамыз. Жапырақтарын алып болған соң дәрі-дәмегін береміз.
Шаруашылықта жыл он екі ай бойы құлпынай жиналады. Қыста жылжайдағы өнім піссе, жаз бойы ашық алқапқа отырғызылған жемісті тереді.
Ғани Қалмаханов, тілші:
Жылыжайға құлпынаймен бірге жүзім көшеттері де отырғызылған. Бұл жерді тиімді пайдалану үшін. Құлпынайдың өнімін жиып алған соң жазға қарай жүзім өнім бере бастайды. Тағы бір пайдасы жүзімнің көлеңкесі жаздыгүні құлпынайдың өскіндеріне сая болады.
Бір жылда егістіктен бірнеше рет өнім алу ісі Сарыағашта соңғы жылдары жанданып келеді. Аймақта 20 мың гектар суармалы жер болса биыл соның 70 пайызына көкөніс пен бақша дақылы егілмек. Оның дені ерте көктемде өнім береді.
Ғани Қалмаханов