ПИК-тің кесірінен тірлігіміз тұралады. Алматыда мүлік иелері бірлестігіне өткен кешеннің тұрғындары Ұлттық арнаға назын жеткізді. Басты себеп - бұрынғы басшы билікті бермей отыр. Соның кесірінен кешен бойынша бірқатар төлемдер жүргізілмей, қарызға батқан. Жаңа жүйе неге толық іске аспай отыр? Пәтер иелері кооперативі мен мүлік иелері бірлестігін реттеудің жолы қандай?
Кенжебек Қалиев өзі тұратын үйдің мүлік иелері бірлестігін басқарып келеді. Төрағаны тұрғындар өзі таңдаған. Десе де, әлі күнге жұмысында кедергі көп.
Кенжебек Қалиев, Мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:
Үй қарыз боп тұр. Екі жыл болды төленбей жатыр.
Кооператив жұмысының салғырттығынан баспанамыз қараусыз қалды дейді ашулы тұрғындар. Айтуларынша, талай жылдан бері тұрып жатқан баспаналарынан тазалық та, тәртіп те кеткен.
Шолпан Антаева, қала тұрғыны:
Бізде бүрге кетпейді, ылғи мысықтар жүреді, ылғи небір зиянкестер пайда боп кетті. Жағдай қиындады. Неге дейсіз ғой, тар, коридордың бәрін бекітіп алды.
125 пәтерлік тұрғын үйдің бірінші қабаты монша, хостел секілді коммерциялық нысандарға айналып, тұрғындар әбден мезі болған. Мұны реттеу үшін мүлік иелері бірлестігінің басшысы сотқа да жүгінген.
Қайрат Ахметов, заңгер:
Осы шағыммен келетін адамдар көбейіп кетті. Заң күшіне енген сот шешімі орындалуы керек. Талап еткен құжаттарын, мөрін, КСК-ның мүлігін бәрін өткізу керек КСК-ның төрағасы.Егер осындай жағдайда соттың шешімі орындалмай жатқан кезде ҚР қылмыстық кодексінде жауапкершілік қарастырылған.
Тұрғындардың ендігі талабы - сот шешімі орындалып, бірлестіктің жұмысына кірісуі. Себебі, осыған дейін әр пәтерден жиналған қыруар қаржы қайда кеткенінен бейхабар болдық дейді. Ал жаңа жүйе бюджет ашықтығына мүмкіндік бермек.
Нұрболат Ешентаев, ҚР ИИДМ Тұрғын үй қорын дамыту басқармасының бас сарапшысы:
Басты айырмашылығы тұрғын үй иелері өз үйлерін өзі басқаратын болады. Қаражатының қайда жұмсалып жатқанын бақылай алады және мониторинг жасай алады.
Сондықтан күрделі мәселелердің күрмеуін тарқату мақсатында екі жылдан бері осы жүйе енгізіліп келеді. Десе де, тұрғын үйлер басқарудың жаңа формасына толық өткен жоқ.
Жазира Оразқызы, тілші:
Дәл мынадай көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің 46 мыңнан астамын мүлік иелері бірлестігіне көшіру жоспарланған. Министрліктің мәліметінше, қазір ел бойынша 97 пайыздан астамы, яғни, 45 мың баспана осындай жүйеде басқарылады.Өңірлер 100 пайыз өткен. Ал басты 2 шаһар - Алматы мен Астанада әлі де жұмыс баяу. Сондықтан мамандар жаңа реформаға сай тұрғындардың «өзі би, өзі қожа» болатын басқару жүйесіне толық көшіруді көздеп отыр.