Базалық мөлшерлеме 16,75% деңгейінде қалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Базалық мөлшерлеме 16,75% деңгейінде қалады

24.02.2023

Бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты мәлімдеме жасады. Мөлшерлеменің деңгейін сақтап қалған Орталық банк инфляцияны күшейтетін сыртқы факторлардың сақталып отырғанын хабарлайды. Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, азық-түліктің әлемдік бағасы әлі де жоғары. Қазақстан инфляцияның шарықтау шегінен өтті ме?

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде қалдырды. Ақша-кредит саясаты комитетінің бұл шешіміне бірнеше фактор әсер еткен. Оған инфляцияның динамикасы, экономикалық көрсеткіштер мен сыртқы экономикалық коньюктура жатады.

Ғалымжан Пірматов, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы:

Макроэкономикалық көрсеткіштер болжамын жаңартумен қатар инфляция тәуекелдерінің балансын да бағаладық. Қабылданған шешім елдегі инфляциялық процестерді баяулатуға, орта мерзімді перспективада инфляцияны тұрақтандыруға және нысаналы мәндерге дейін төмендетуге ықпал етеді.

Жылдық инфляция биылғы қаңтарда да 20 пайыздан түскен жоқ. Егер нарықта бүгінгі жағдай сақталатын болса, базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейі жыл ортасына дейін өзгермеуі мүмкін. «Сонда ғана инфляцияны ауыздықтап, ортамерзімді перспективада қарқынын бәсеңдете аламыз» дейді Ғалымжан Пірматов. Ол үшін, әрине, ішкі нарықта да тосын «сыйлар» болмауы керек.

Ғалымжан Пірматов, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы:

Жоғары ішкі сұраныс, ынталандырушы-фискалдық саясат, жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулер, Реттелетін қызметтер мен жанар-жағармай нарығындағы бағалардың реформаларын егер үкімет бастайтын болса, Бұл реформалар да еліміздегі біраз бағалардың өсуіне алып келеді.

Дегенмен әлемдегі экономикалық ахуал жақсарып келеді. Соның ішінде Қазақстанның сауда-әріптес елдерінде инфляция баяулаған. Бұған шикізат пен тауар нарығындағы жағдайдың жақсаруы мен логистикалық тізбектердің қалпына келе бастауы әсер етіп отыр. Осы қарқын сақталатын болса, биыл инфляция деңгейі 9-12%-ға дейін түсуі керек деп болжайды Ұлттық банк.

Серік Селеубайұлы

Хабарламаларға жазылу