Түркістан облысының Түлкібас ауданында 10 тілді меңгерген ерекше жігіт тұрады. Мейірхан Топанбай замандастарының ортасында полиглот атанып кеткен. Туғанынан сал ауруына шалдыққан ол қазір ауыл балаларын кітап оқуға баулып жүр. Тағдыр тәлкегіне мойымаған Мейірханның бүгінгі өмірі жайлы Айнұр Ақбаева тарқатады.
29 жастағы Мейірхан Топанбай Тастұмсық ауылында туып өскен. Қатарластары сияқты мектепті бітіріп, жоғары білім алған. Екі мамандықты меңгерген жігіттің тіл үйренуге деген қызығушылығы бала кезден басталыпты.
Мейірхан Топанбай, Тастұмсық ауылының тұрғыны:
Түрік тілі, грек тілін мен бала кезімнен үйрендім. Одан кейін мектепке барғаннан кейін неміс тілін үйрендім, француз тілін үйрендім. Сонымен алты тіл болды ма? Содан соң университетке барғанда парсы және тәжік тілін үйрендім. Одан соң орыс тілін оқып жүргенде біз қосымша славян тілдерінің ішінен поляк пен болгар тілі бар ғой, сол екі тілді игердім. Содан соң испан тілі, қазір міні итальян тілін үйретіп жатырмын.
Қазір Мейірхан ауылдық кітапханада жұмыс істейді. Кітаптарды түгендеп қана қоймай, осы жерде түрлі мәдени шара ұйымдастыруға да көмектеседі екен. Ол жұмысқа орналасқалы ауыл балаларының кітап оқуға деген қызығушылығы арта түсті дейді әріптестері.
Мәргүл Бекетбаева, кітапханашы:
Онымен бірлесіп жұмыс істегенде пайдасы өте көп. Өйткені бізге қарағанда сана сезімі, адамгершілігі мол жігіт. Бірлесіп істегеннен кейін тірлігіміз де оңға басып, оқырмандарымыз да көп. Оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыра біледі.
Туғаннан сал ауруына шалдыққан Мейірханның бір көзі мүлдем көрмейді. Соған қарамастан Мейірхан кітаптан қол үзген емес. Ол аудиокітап, брайль хәріптерімен жазылған кітаптарды да көп оқыған.
Мейірхан Топанбай, Тастұмсық ауылының тұрғыны:
Сал ауруына шалдыққан балаларды көбінесе бізде қоғамда дұрыс қабылдамай жатады. Олар сал ауруға шалдыққандарды ақыл-есінде ауытқуы бар деп ойлайды. Қоғамдағы адамдардың әртүрлі пікірін, әртүрлі көзқарасына менің ата-анам төтеп бере білді.
Мейірхан аударма ісімен де айналысады. Негізінен өзге ұлт ақын-жазушыларының нақыл сөздерін аударуды ұнатады екен. Былтыр «Ақиқаттан аттамайық» атты алғашқы аудармалар жинағы жарық көрген. Қазір «Жанымның жақұты» атты екінші жинақты баспаға дайындап жатыр. Шабыты келгенде ана тілі мен түрік тілінде өлең шығаратын өнері де бар.
Айнұр Ақбаева