Түркияда зардап шеккендерге халық көмек беріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда зардап шеккендерге халық көмек беріп жатыр

07.02.2023

Түркия халқы кешелі бері апаттан зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетіп жатыр. Қарапайым тұрғындар барымен бөлісу үшін арнайы ашылған қайырымдылық орталықтарына ағылып жатыр.

Айдос Әшімұлы, тілші:
Түркия халқы апаттан зардап шеккендер үшін кешелі-бері қолдарынан келгенше көмек көрсетуге асығып жатыр. Біреулер қаржылай, енді бірі волонтер ретінде, енді бірі үйіндегі жылы киімдерін әкеліп барынша қол ұшын беріп жатыр. Біз қазір Стамбұл қаласындағы орта мектептердің бірінде тұрмыз. Бұл жерге де тұрғындар шамалары жеткенше жылы киім, көрпе-жастық, азық түлік әкеліп жатыр. Ірі қалалардың барлығында сауда орталықтары, мектептер мен мешіттерде осындай қайырымдылық орталықтары ашылған. Түркияда күн райы күрт суытқандықтан, әсіресе жылы киімге мұқтаждық артқан.

Апат болған аймақта құтқару жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Апатқа байланысты арнайы құрылған комиссия төрағасы, елдің вице-президенті Фуат Октайдың мәліметіне сай, қайтыс болғандар саны 3419 адамға жеткен. 20 500 жарақат алған. Құтқару жұмыстарына кедергі келтірмес үшін жер сілкінген бірнеше облысқа арнайы қызметтердің көліктерінен басқа автокөліктерге кіруге тыйым салынды. Бұдан бөлек, зілзала болған Хатай облысының Искендерун қаласындағы портта алапат өрт болып жатыр. Жер сілкінісінен соң порттағы контейнерлерде тұрған жарылғыш заттарға от тиген. Қазір өртті сөндіру мүмкін болмай тұр деді мамандар.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу