Түркияда дүмпулер қайталануы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда дүмпулер қайталануы мүмкін

07.02.2023

Жүргізуші: Құтқарушылар әлі де бел жазбай жұмыс істеп жатыр. Жер сілкінісінен қаза тапқандар саны да сәт сайын артып барады.

  Айдос Әшімұлы, тілші:

Қазір Түркияда таңғы сағат жетіден асты. Бұл түн түркиялықтар үшін ең ауыр, әрі ең ұзақ түндердің бірі болды десек артық айтпаймыз. Апат болған аймақта құтқарушылар түні бойы дамыл таппай жұмыс істеді. Ақпараттар сәт сайын жаңарып жатыр. Түнде тағы бірнеше ғимарат құлаған. Мамандар жер дүмпулерінің тағы да қайталануы мүмкін екенін айтады. Ең соңғы түскен ақпаратқа сай жер сілкінісінен қаза тапқандар саны екі мың тоғыз жүз жиырма бір адамға жеткен, ал жараланғандар он алты мыңға жуықтады. 10 облыста алты мыңдай ғимарат жермен-жексен болған. Дегенмен, апаттан бір тәуліктен аса уақыт өтсе де үйінділер арасынан тірі қалған адамдар табылып жатыр. Үйінділер астынан сегіз мыңдай адам сау құтқарылды. Барлығы үш жүз сексен мың адам қауіпсіз жерге көшіріліп, арнайы орындарға орналастырылды. Ел аумағында мемлекеттік тулар төмен түсіріліп, барлық ойын-сауық шаралары тоқтатылды. Сондай-ақ мектеп оқушылары бір апталық демалысқа жіберілді. Бүгін таңертеңнен бастап Түркия аумағындағы мектептер мен сауда орталықтарында зілзаладан зардап шеккендер үшін тұрғындардан жылы киімдер, көрпе-жастық сияқты керек-жарақ жинала бастайды. Әлемнің әр түкпірінен қиын жағдайда қалған түрік халқына көмек қолын созған елдер көп. Ал, апат аймағында он екі мыңдай адам құтқару жұмыстарымен айналысып жатыр.


Хабарламаларға жазылу