Жапониядағы жойқын жер сілкінісі қайталануы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жапониядағы жойқын жер сілкінісі қайталануы мүмкін

03.01.2024

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияның батысындағы Ното түбегінде болған жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты премьер-министр Фумио Кишидаға көңіл айтты.

Қазір Жапонияда іздеу-құтқару операциялары жалғасып жатыр. Қуаты 7,6 баллдық жер сілкінісінен, 62 адам қаза тапқан. Үйлер құлап, ғимараттар өртеніп, жолдар бұзылған. Салдарынан құтқару жұмыстары қиындап отыр. Дүмпу қайталануы мүмкін деген қауіп әлі сейілген жоқ. Ал цунами қаупі туралы дабыл доғарылды. Жойқын зілзала құрбандарының саны әлі де өсуі мүмкін. Себебі құтқарушылар табиғи апаттан зардап шеккен аудандарға жете алмай жатыр.

Фумио Кисида, Жапония премьер-министрі:

Жер сілкінісінен бері 40 сағаттан астам уақыт өтті. Зардап шеккендерді құтқару үшін уақытпен жарысып жатырмыз. Бүгін іздестіру-құтқару отрядтарының санын 1000-нан 2000-ға дейін арттырамыз, құтқарушы иттердің саны да екі есе көбейеді.

Жапонияда қуаты 7,6 баллдық зілзала дүйсенбіде болды. Дүмпу ошағы Исикава префектурасындағы Ното түбегінде анықталған. Ғимараттар құлап, жолдар опырылды. Теңізде алып толқын көтерілген. Цунами биіктігі 1 метрден асты. Одан кейін лай көшкіні жүрген. Ондаған мың адам электр жарығынсыз қалды. 100 мыңға жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшіріліп, спорт залдары мен мектептерге орналастырылды.

Мицуру Кида, Эвакуация орталығының операторы:

Адамдар қатты қорқып қалған. Түнді ұйқысыз өткіздік. Шағын дүмпулер үздіксіз қайталанды.

Жапония метеорология агенттігінің мәліметінше, зілзала болған өңірде дүйсенбіден бері қуаты төмен 150-ден аса дүмпу болған. Қауіп әлі сейілген жоқ. Алдағы күндері магнитудасы 7 балға жуық зілзала қайталануы мүмкін деген ескерту жасалды.

Хабарламаларға жазылу