ДДСҰ: Әлемдік карантин қайталануы мүмкін

14.09.2020

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, әлемдік карантин қайталануы мүмкін. Ал, өткен тәулікте планетада коронавирус жұқтырғандар рекордтық деңгейге көбейіп, олардың жалпы саны 29 миллионнан асып кетті. Израиль болса, Covid-ті тоқтату үшін үш апталық шектеулер енгізейін деп отыр. 

Өткен тәулікте әлемде 308 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырып, рекорд жаңартылды. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәлімдеп отыр. Және де соңғы 24 сағатта планета бойынша Covid-тан 5500-ден астам адам қайтыс болған. Жұқтырғандар, әсіресе, Үндістанда, АҚШ-та, Бразилияда көп. Кешеден бері Үндістанда 94 мыңнан астам тұрғыннан қауіпті инфекция табылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропадағы аймақтық бюросының мәлімдеуінше, «қарт құрлықта» күзде Covid-19 құрбандарының саны көбеюі мүмкін. 

Ханс Клюге, ДДСҰ-ның Еуропадағы аймақтық бюросының директоры:

- Жағдай қиындайды. Қазан-қараша айларында бұл вирустан қайтыс болғандар көбейеді деп болжап отырмыз.

Ал, Ливанда орналасқан халықаралық әскери контингент құрамындағы 90 жауынгер коронавирусқа шалдыққан. Олардың көбі - ганалықтар. Науқастанғандардың ішінде қазақстандық бітімгерлер жоқ. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың мәлімдеуінше оның елі алдағы жұмадан бастап үш-апталық карантинге енеді. Өйткені, мұнда пандемияның екінші толқыны басталып жатыр. Жаңа шектеулерге сәйкес, мектептер мен дүкендер жабылып, адамдардың үйлерінен 500 метрге ұзауына тыйым салынбақ. 

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Біз шектеулерді алдағы үш аптада қолдану туралы шешім қабылдадық. Олар әрі қарай ұзартылуы мүмкін. 

Францияда кейінгі кездері тәулігіне 10 мыңнан астам адамнан Covid табылатын болды. Бұған бір жағынан елді тестен өткізу мүмкіндігінің көбеюі, екіншіден, ауруды жұқтырушылар санының әрі қарай артуы себепші. 

Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесустың мәлімдеуінше, қазір коронавирус жұқтырғандардың күнделікті саны наурыздағыдан жоғары, сондықтан әлемдік карантиннің қайталануы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.


Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу