Еліміздің үздік ғалымдары марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің үздік ғалымдары марапатталды

04.02.2023

Елімізде соңғы екі жылда ғылыми дәрежесі бар 3700 оқытушы мектептерге сабақ беруге ауысып кеткен. Өйткені мұғалімдердің жалақысы жоғары оқу орны қызметкерлеріне қарағанда әлдеқайда жоғары. Бұл туралы Ғылым және Жоғары Білім министрі Саясат Нұрбек айтты. Оның сөзінше, ғалымдардың мәртебесін көтеру мәселесі өзекті. Осы бағытта тиісті жұмыстар да басталған.

Былтыр 1200 ғылыми жетекшінің жалақысы 70 пайызға жоғарылады. Биылдан бастап еліміздегі іргелі зерттеулермен айналысатын институттар министрліктен тікелей қаржыланатын болады. Бұл ретте Алматыда үздік ғылыми қызметкерлер де марапатталды. Саясат Нұрбек ғылымның дамуына үлес қосып жүрген 75 маманға стипендия және 6 атаулы сыйлық тағайындады. Сондай-ақ, 50 үздік ғылыми қызметкер сый алды.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Келесі үш жылдың ішінде таза ғылыми институттарға, гранттарға 650 миллиард теңге бөлінеді. Президенттің жанында Ұлттық ғылым және технологиялық кеңес құрылды. Бұл нені білдіреді? Президентіміз енді ғылым, технология сұрақтарына тікелей назарын бөліп, бақылауға алады, ғылыми қауымдастықтың Президентпен тікелей сұхбаттасуына мүмкіндік болады. 


Хабарламаларға жазылу