Түркістан облысында тасқынның кесірінен 36 ұсақ мал өлді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында тасқынның кесірінен 36 ұсақ мал өлді

03.02.2023

Тасқынның кесірінен Түркістан облысының Бәйдібек ауданында 36 ұсақ мал шығын болды. Қазір аймақта жағдай тұрақталып келеді. Судың келуі тоқтады.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, бес аудандағы 20 елдімекенді су алды. 234 үйдің ауласына қарғын су кірген. Жергілікті әкімдік пен төтенше жағдай қызметкерлері 204 тұрғынды қауіпсіз жерге көшірді. 800-ге жуық қой-ешкі құтқарылды. Арыс-Түркістан су арнасының қала аумағында сел жүріп өтіп, қауіпті сейілту үшін 6 көпірдің маңында мұз босатылды. Соның арқасында сел қалаға қатер төндірмеді.

Бүгін оқиға орнына жеткен Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жедел кеңес өткізді. Шығынды есептеу үшін арнайы комиссия құрылады. Тасқынға байланысты өңірде төтенше жағдай жарияланған жоқ. Жағдайды бағамдап шешім қабылдаймыз деді министр.


Хабарламаларға жазылу