Мемлекеттік сатып алу кезінде 183 лауазымды тұлға жауапқа тартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік сатып алу кезінде 183 лауазымды тұлға жауапқа тартылды

26.01.2023

Мемлекеттік сатып алу кезінде тиісті талапты сақтамаған 183 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Олар процесс кезінде тауарды жоғары бағамен көрсеткен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғамдық кеңес мүшесі Дидар Смағұловтың айтуынша, осындай тәуекелге барудың мыңнан астам жағдайы анықталған. Ұсталған шенеуніктер бюджетке өз еркімен 122 миллион теңгеден астам айыппұл төлеген.

Дидар Смағұлов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғамдық кеңес мүшесі:

Біздің өтініштеріміз бойынша 2022 жыл ішінде 42 қылмыстық іс тіркелді. Олардың көбі сыбайлас жемқорлық сипатында. Осы істер мен басқа да өтініштер аясында заңсыз төленген 250 миллион теңгеден астам қаражат бюджетке қайтарылды.

Басы даудан арылмаған «ArtSport» жобасына қатысты тағы бір дерек айтылды. Шымкентте бағдарламаның 8 орындаушысы заңды белшесінен басқан. Дидар Смағұлов олардың 56 миллион теңге жымқырғанын айтты. Оның 30,7 миллионы процессуалдық заң бұзушылықтар болса, 25,4 миллион теңгесі мемлекет бюджетіне қайтарылған.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу