Алматы облысына қарасты Іле ауданында бірнеше ауыл газ бен жарыққа жарымай отыр. Тұрғындардың сөзінше, кейде көгілдір отынның қауқары шай қайнатуға да жетпейді. Ал, сығырайған жарық жиі сөніп, техникалары істен шығып жатыр екен. Қоянқұс, Жаңа Талап сынды мыңдаған тұрғыны бар елдімекендерді алаңдатқан жалғыз мәселе бұл ғана емес, көлік жайы да өзекті.
«Қыс басталғалы көрген күніміз осы», - дейді Айгүл Қасеинова. Газдың қауқары не тамақ пісіруге, не үйді жылытуға жетпейді екен. Салдарынан балалары жиі сырқаттанып, аудандық аурухананың табалдырығын тоздырған.
Айгүл Қасеинова, Қоянқұс ауылының тұрғыны:2015 жылдан бері тұрамыз. Кеше ғана кереуеттің орнын ауыстырдым. Салқын болғандықтан міне, қабырға көгеріп жатыр.
Бұл - Қоянқұс ауылында тұратын 6 мыңнан астам тұрғынға ортақ проблема. Тіпті, үй іргесінен өтіп тұрған көгілдір отынға қол жеткізе алмай отырғандар да баршылық. Өйткені, газды баспаналарға тарту жұмысымен жекеменшік компания айналысады. Ал, олар халықтың жылуға зәрулігін пайдаланып, қызмет құнын шарықтатып жіберген.
Ботагөз Ибраимова, Қоянқұс ауылының тұрғыны:
Қосуына 550 мың сұрап отыр. Енді пеші бар, басқасы бар 1 млн-ға жуықтайды. Енді мен несие аламын. Басқа амалым жоқ. Әйтпесе, екі жыл болды орната алмай отырмын.
Көгілдір отынды үйге кіргізу үшін тұрғындар қыруар қаржыларын жұмсауға әзір. Бірақ, оның сапасы көңіл көншітпейді.
Әуелбек Майшыбаев, Іле аудандық ТҮКШ бөлім басшысы:
Аталып кеткен мердігерлердің теңгерімінде газды реттейтін «жәшіктер» бар. Оларға күтім керек. Бірден қатты суық түскеннен осы жәшіктердің реттеуі дұрыс қолға алынбаған. Сол себепті осындай кішкене ақаулар болды. Мердігерлердің бәрін кепілдік жасатып, газдың қысымын реттеу бойынша жұмыс атқарылып жатыр.
Тұрғындарды алаңдатып отырған тағы бір мәселе - жарықтың әлсіздігі. Оған электр желісі мен трансформаторлардың ескіруі себеп болып отыр. Былтырдан бастап оларды жаңарту жұмыстары қолға алыныпты. Байсерке ауылдық округіне қарайтын Қоянқұс, Жаңаталап, Әли сынды 7 ауылда транспорт мәселесі де өзекті.
Қаладан қатынайтын автобустардың кейбірі ауылдарға бармайды. Өйткені, жолаушы саны аз, яғни, тиімсіз. Мәселені шешудің бір жолы ретінде шаһар автопарктерінен жүрілген 300 автобус сатып алынған. Десе де,олардың басым бөлігі жөндеуді қажет етеді.
Нұрсұлтан Тілектес