Архившілер жалақыны көтеруді сұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Архившілер жалақыны көтеруді сұрады

20.01.2023

Біздің де жалақымызды көтерсеңіздер. Бүгін Мәдениет және спорт министрлігінің алқа отырысында Ұлттық архив директоры Үкімет мүшелеріне осындай сауал жолдады. Ал, Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалды студенттердің білім алуы үшін бірқатар кедергі барын жеткізді. Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов пен министр Асхат Ораловтың жауабы қандай болды? 

Осы алқада тағы да архивистердің арманы, тілегі - біздің жалақылармызды көтерсеңіздер. Өйткені, тарихты сақтайтын, ертеңгі болашақ ұрпаққа жеткізетін, көздің қарашығындай сақтайтын - архив.

Былтырғы статистка бойынша архившілердің орташа жалақысы 80-100 мың теңге. Оның үстіне бұл салаға келетін мамандар да аз. Сондықтан болар кадр жетіспеушілігі мұнда да өзекті. Себебі елде архившілерді дайындайтын жоғары оқу орны жоқ. Еңбекақы жайын көтерген Ұлттық архивтің директоры Сағила Нұрлановаға Мәдениет министрі былай жауап қатты:

Асхат Оралов, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
Бірлесіп бұл салада терең мәселелерді зерттеп, шешу жолдарын бірлесіп табайық. Өйткені, архив тек архившілердің мәселесі емес шынын айтқанда ғимараттардың да мәселесі бар, жалақы мәселесі бар. Жалпы, дәрежесі бойынша бар. Басында айтып кеттім мұны. Енді толығырақ тағы бір шешімдерді бірлесіп ұсынайық.

Жалпы, Ұлттық архивтің ел біле бермейтін жұмысы аз емес. Қазір ондағы қызметкерлер 25 миллионнан астам құжатқа бас көз болып отыр. Оның үстіне жыл сайын орта есеппен 400 мыңға дейін құжатпен толығады. Мәселен, былтыр шетелдерден Қазақстан тарихына қатысты 7 мыңнан астам құжат елге әкелінген.

Шешілмеген мәселе: Академияда оқу ғимараты жетіспейді

Қазақ ұлттық өнер академиясында оқу ғимараты жетіспейді. Оқу ордасының ректоры, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына тамсанып жүргенін жасырмады. Онда 3 корпус болса, өнер адамдарын дайындайтын жоғары оқу орнында тек 1 ғимарат бар. 2600-дей студенті бар академияда жатақхана мәселесі де өзекті. Сондай-ақ, колледж бітіріп келген талапкерлерге 3 жылдық грант бөлу жайы да көтерілді. Ректор оларды мектеп бітіріп келген студенттермен оқыту тиімсіз дейді.

Азамат Сатыбалды, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры:
Жібек жолы 100 деген мекен-жайы бойынша жаңа ғимаратты өзіміздің балансқа қазірге келісіммен алдық. Бірақ, толық балансқа өткен жоқ. Соны мемлекеттік деңгейді толық балансымызға өткізетін болса, өзіміздің күшімізбен ішінің бәрін ремонт жасап, 1 қыркүйекте соның сол жаңа ғимараттың ашылуына өздеріңізді шақырсақ деген әппақ арманымыз бар.

Жиынға қатысқан, Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлігінов айтылған проблеманы шешу үшін министр Асхат Ораловқа тапсырма берді. Ғимаратты жөндеу үшін есептеу жүргізу керегін айтты. Ал, колледжден келген студенттердің мәселесін қарастырамыз, деді.

Алтай Көлгінов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
Көршілерден ұят болмау үшін не істеу керек, Асхат Раздықұлы? Ұсыныс беріңіздер Азамат Сатыбалдыұлы ұялмасын «Академия» деген дәрежесі бар. Енді ол ғимаратты жөндеу керек пе? Күрделі жөндеу керек пе? Немесе ағымдағы жөндеу керек пе? Немесе модернизациялау керек пе? Жобалық сметалық құжаттарын жасаңыздар, қанша қаражат керек екенін...

Қатаң жаза: Туды қорлағандар 10 миллион теңге айыппұл төлейді

10 миллион теңге. Енді Мемлекеттік Туды қорлағандар осыдай соммада айыппұл төлейді. Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов алқа отырысында айтты. Немесе 600-ден 900 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу