Таразда 200-ден аса автобус жетіспейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда 200-ден аса автобус жетіспейді

20.01.2023

Таразда қоғамдық көлік тапшы. Дәл қазір шаһарда 200-ден аса автобус жетіспейді. Соның салдарынан тұрғындар аялдамада автобусты сағаттап күтуге мәжбүр. Ал жолаушыларды тасымалдау компаниялар қаржының жоқтығын алға тартып, жаңа автобус алуға асықпай отыр. Өңірдегі әріптесім Нұрдос Болатұлының материалында.

Жолаушы тасымалдау компанияларының жұмысына пандемия да кері әсерін тигізген. Бірнеше ай автопарктердің жұмысы тұралап қалғанда, қаржыдан қысылғандар жеке автобустарын сатып жіберіпті. Салдарынан, қаладағы қоғамдық көліктің тапшылығы бірден сезілген.

Рашид Пірманов, көліктік компания директоры:
Енді өздеріңіз білесіздер, бұған дейін пандемияның алдында біздің қаламызда 450 автобус жүрген болатын. Сол пандемия кезінде 3-4 ай тоқтап қалдық. Сол уақыт ішінде кейбір әріптестеріміздің жалдамалы көліктері болған, жеке адамдардың. Олар біраз тұрған соң сатты және ескірген көліктер болды. Қазір қалада 350 автобус жүріп жатыр.
Шыңылтыр аязда, шіліңгір ыстықта аялдама тұрып қиналатын жұртқа қиын. Автобустардың аздығы мен үнемі кестеден кешігуі қала тұрғындарын әбден қажытты. Әсіресе, қаланың шетінен қатынайтын адамдарға оңай емес.

Жалпы шаһарда 9 жолаушыларды тасымалдау компаниясы бар. Олардың 340 автобусы 34 бағытта қатынайды. Ал, қала маңындағы шағын аудандар мен елдімекендерді қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету үшін тағы 15-16 бағыт қосу керек.

Нұрбол Қалдыбаев, Қала әкімінің орынбасары:
Қаланы толығымен қамтамасыз ету үшін, қалаға 600-700 автобустай керек. Бізде енді 340 дана автобусымыз бар қалада жұмыс істеп жатқан. Одан болек 3 жылдық жоспар жасап, кем дегенде 200 көлікті 3 жыл ішінде алып келуге жоспар жасап жатырмыз.
Былтыр қаладағы автопарктерге алғаш рет 1,5 миллиард теңге субсидия бөлінген. Кәсіпкерлерге қоғамдық көлікті жаңалаңдар деген талап жиі айтылады. Ал нарықта бір жаңа автобус бағасы 50-60 миллион теңге. Жолаушыларды тасымалдау компания басшылары болса, 85 теңге жолақымен жаңа көліктің бағасын 5 жылдың ішінде де ақтай алмаймыз деп отыр. Сондықтан, мемлекеттен бөлінетін қаржы көлемін көбейтуді сұрайды.

Нұрдос Болатұлы

Хабарламаларға жазылу