Басты Жаңалықтар Алматылық ерікті Қаңтар оқиғасында өз басынан кешкен жайттарды баяндады

Алматылық ерікті Қаңтар оқиғасында өз басынан кешкен жайттарды баяндады

«Бір жыл өтсе де, қаңтардың сол күндері сананы әлі күнге шейін аяздай қариды». Алматылық Жандос Сейіт Қаңтар оқиғасында өз басынан кешкен жайттарды баяндады. Ерікті 5 қаңтарда жұмыстан қайтып жатқанда, жаппай тәртіпсіздіктерге куә болғанын еске алады.

Дәл сол күні Алматыда ең қызу қақтығыстар басталған еді. Ер адам көшеде жараланғандардың көп екенін көріп, дәрігерлерге көмектесуге бел буған.

Жандос - бірнеше жылдан бері еріктілер тобының мүшесі. Сын сағатта қалыс қалмады. Қаңтардың бесі күнгі жағдайды көріп, ертесінде мегаполистегі ауруханалардың біріне өз еркімен көмекке сұранып барды.

Жандос Сейітов, ерікті:

Кем дегенде екі адам қайтыс болды. Біреуі мерт болып келді. Біреуі ота жасап жатқанда қайтыс болды. Ал жарақаттанушылардың санын мен сізге айта алмаймын. Өте көп болды. Ертесіне үйге қайтар кезде қарағанымда, маған берілген киім, арнайы киім қан-қан болды.

Жандос Сейіт сол Қаңтар қырғынын көзімен көрмесе де, жансақ пікір айтушылардың көбейгеніне налиды. «Бұл түймедейді түйедей ететін емес, енді қайталанбасын деп сабақ алатын үлкен трагедия» - дейді ол.

Жандос Сейітов, ерікті:

Әлеуметтік желілерде араңдатушылар өте көп. Өзі көрмесе де, бірдеңелерді айтып, жаза береді. Менің түйгенім - араңдатушыларға құлақ салмау керек. Әр адамның өзінің сыни ойлауы болуы керек, өз-өзіне жауап беруі керек.

Жандос - үш баланың әкесі. Сол күні әйелінің қолдауымен, саналы түрде ел басына күн туғанда, халық арасында табылайын деп, басын бәйгіге тіккен. Тіпті кетерде ұлдарымен қоштасып шыққан.

Жандос Сейітов, ерікті:

Маған да оңай болмады олай кету. Ертең елімізге бірдеңе болып қалса, мен балаларымның көзіне қарай алмаушы едім. Елімізде осындай қанды қырғын болып жатқанда. Ертең бәрі басылады, бәрі орнығады, бірақ, мен балаларымның көзіне қарай алмаушы едім. Мен қандай тәрбие беремін, үйде қорқып, тығылып отырғанда?

Арыстағы жарылыс, Қостанайдағы өрт, ел басына күн туса - Жандос сол жерден табылмақ. Бұл істі - өмірлік миссиясы деп біледі.

Фариза Мұсақызы


Бөлісу