Әлихан Смайылов: Бюджет тапшылығын қысқартып, кірісті ұлғайту керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлихан Смайылов: Бюджет тапшылығын қысқартып, кірісті ұлғайту керек

19.01.2023

Бюджетті жоспарлау, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту, цифрландыру, сондай-ақ қаржы саласындағы заңнаманы жетілдіру. Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде осы мәселелер талқыланды.

Премьер-Министр бюджет кірісін ұлғайту, оның әділ бөлінуі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау керек екенін атап өтті. Салық төлеушілер мен салық органдары арасындағы қарым-қатынасты цифрландыруды кеңінен енгізу маңызды.

Мұны сервистік модель негізінде құру қажет. Әлихан Смайылов бюджет жүйесінің тиімділігі мен ашықтығын арттыру қажеттігіне де тоқталды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Мемлекеттік жоспарлауды нақты бюджет шығыстарымен байланыстыруды қамтамасыз ету қажет. Өнімсіз шығындарды қысқарту үшін бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаржылық тәртібін күшейту керек. «Негізгі міндет – «бюджет қаражатын басқарудан» «нәтижелерді басқаруға» көшу. Бюджет шығыстарының тиімділігі мен экономикалық пайдасын, оның ішінде автоматтандыру және цифрландыру есебінен арттыру қажет. Мұның бәрін жаңа Бюджет кодексі аясында қарастыру қажет.

Шығындарды оңтайландыру үшін тиімсіз семинарлар мен конференциялар, форумдар, зерттеулер жүргізу, көлік құралдарын, кеңсе жиһаздары мен тауарлар сатып алуды доғару керек. Премьер осыны да тапсырды. Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың маңызды екенін атап өтті. Бұл бағытта жалпыға бірдей декларация тапсыруды кезең-кезеңімен және уақытылы енгізу қажет.

Бұл сыбайлас жемқорлықты азайтып, бюджетке қосымша түсімдерді ұлғайтуға сеп болады. Қаражатты елден заңсыз шығаруға қарсы іс-қимыл жөнінде шаралар қабылдау да кеззек күттірмейді. Қаржы министрі бұл туралы арнайы заң жобасы дайындалып жатқанын мәлімдеді.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі:

Онда активтерді ерікті түрде қайтару, сол сияқты заңсыз сатып алынған және шығарылған активтерді тәркілеу жолымен мәжбүрлеп қайтару жолдары көзделген. Сондай-ақ заңсыз шығарылған активтер қаражаты арнайы қорға жинақталатын болады. Қазір заң жобасы белсенді түрде талқылануда. Жақын арада біз оны экономикалық кеңестің қарауына шығаратын боламыз.

Серік Селеубай

Хабарламаларға жазылу