Көмір тапшылығына Қызылорда облысының тұрғындары да тап болды. Жұрт соңғы 3 күннен бері қойманы торуылдап, қатты отынға қол жеткізе алмай жүр. Қыстың көзі қырауда көмір іздеген адамдарға бағаның да шарықтап кеткені оңай болмай тұр. Мәселенің мән-жайын өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы анықтап көрді.
Қала сыртындағы көмір қоймада кезегін күткен жүк көліктері бірінен соң бірі тізіліп тұр. Биылғы қыс жылдағыдан қатты болғандықтан қатты отын да шақ келмей жатыр дейді тұрғындар. Бағасы да едәуір қымбаттаған. Былтыр Шұбаркөл көмірінің бір тоннасы 14 мың теңге болса, қазір 17-20 мыңның аралығында.
Рүстембек Шакиев, тұрғын:
Қаптап алайын десем қабың 1200 тг. Мынау тоннасы 17 дейді. Ана жерде 18, ол жақта да жоқ көмір. Не жағамыз енді? Үш вагон келді деп естіп едік таусылып қалды дейді.
Бүгін қалаға 4 вагон көмір жеткізілген. Бірақ, азғантай отынды алып сатарлар лезде тиеп алып кеткен. Ал алыс жақын ауылдардан ат артып келіп, күнде қойманы жағалап жүрген тұрғындар тағы көмірсіз қалды.
Айдарбек Тәйімбетов, тұрғын:
Ана жақа барам ол жақта жоқ. Үш күн болды сандалып жүргеніме. Күнде көмірге келеміз, кетеміз жоқ. Қазір алып сатарлар көбейіп кеткен алаңсыз.
Жалпы жылу маусымы алдында мамандар облысқа 176 мың тонна көмір жетеді деп межелеген. Бірақ, белгіленген қатты отынның қоры қыс келмей жатып сатылып кеткен.
Руслан Нұрмағамбетов, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
Теміржолмен жеткізілген 207 мың тонна 100 пайыздан астам орындалған. Қызылорда облысында жалпы 34 аймақтық оператор жұмыс жасайды. Келген көмір келгендей өтіп кетіп жатқан жайы бар.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Салаға жауаптылар облысқа қаңтар айында жеткізілетін көмірдің лимиті біткенін айтады. Дегенмен, халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында қосымша келіссөздер жүргізіліп, өңірдегі көмір сататын нүктелерге алдағы күндері 15 вагон қатты отын келеді деп сендіріп отыр.
Әділбек Серікұлы