Екібастұз жылу электр орталығында апат болғалы 2 айға жуықтады. Сол кезде көшедегі құбырлар да қайта-қайта тесіліп, тұрғындар бірнеше күн жылусыз қалған. Кейбір үйлердің батареялары жарылып, шығынға да батты. Апаттың ресми себебі жылу орталығы қызметкерінің қателігі деп айтылды. Сонымен қоса жылу құбырларының 90 пайызы тозғаны белгілі болған. Ал оқыс оқиғаның салдары жойылды ма? Апаттан зардап шеккен үйлердің қаншасы қалпына келтірілді? Қазір барлық үйге жылу берілді ме? Халық әлі де тоңып отырған жоқ па?
Осы аптада Екібастұзда -30 градустан асатын аязды күндер болды. Тұрғындар көшеде ғана бүрсеңдеп жүрген жоқ, үйлерінің ішінде де жаурап отыр.
87 жастағы Күлжиян апа Энергетиков көшесіндегі 105-ші үйде тұрады. Айтуынша, 27-ші қарашадан бері үйі жылымаған. Сондықтан етігін де шешпейді.
Күлжиян Мамырханова, Екібастұз тұрғыны:
Отыра алмаймыз. Төсегіміз жиналмайды. Екі көрпе жамылып жатамыз, күні-түні жатам. Жылытқыш әкеп берді. Оны қойдық. 22 мың шықты бір айға. Бұрын 2 мың, 3 мың болатын еді.
Ал, бұл Бұқар жырау көшесі 286-шы үйдегі көрініс. Терезеге мұз қатқан, батареялардың қызуы қанжылым ғана.
Галина Рэйхер, Екібастұз тұрғыны:
Үйдің ішінде жүру мүмкін емес. Не істерімізді білмейміз. Менің 4 балам бар, екеуінің мүмкіндігі шектеулі. Бәріміз бір бөлмеге тығылып отырмыз.
Надежда Васильевнаның Момышұлы көшесіндегі 52-ші үйде жеке дүкені бар. Оның сөзінше, бұл үйдің өзі апатты жағдайда тұр. Ал, дүкендегі азық-түліктердің көбі суықтан қатып жатыр.
Надежда Васильевна, Екібастұз тұрғыны:
Бізде үнемі жылы болатын, тіпті футболкамен жүретін едік. Биыл 4-5 қабаттан киіммен жаурап тұрмыз. Суыққа шыдамай 1 апта дүкенді жабуға мәжбүр болдық. Қаншама шығынға баттық. Оны кім өтейтінін де білмейміз.
Қазір қаладағы қанша үйдің жағдайы осындай екені белгісіз. Өткен жылдың 27-қарашасында болған апаттан соң 150 көпқабатты үй мен 70 үй жылусыз қалған. Қалалық әкімдік апаттан 10 күннен кейін барлық үйге жылу берілгенін айтқан. Бірақ, тоңып отырғанымызды көрсетіңізші деп, осы аптада бізге хабарласқандар көп болды. Ал, кейбір үйлерде жылудан бөлек, ауыз су да ақпайды.
Ауыз суды арнайы көліктер тасымалдап жүр. Жылу болмағасын кей мектептер 3-ші тоқсанды онлайн бастаған. Мысалы, мың жарым бала оқитын 11-ші мектептің іші азынап тұр.
Тұрғындар балабақша, аурухана сынды әлеуметтік нысандардың да суық екенін айтты.
Осы аптада Екібастұз жылу электр станциясында тағы бір ақау шығып, салдарынан қалаға берілетін жылудың температурасы 66 градусқа дейін төмендеді. Орталық өкілдері бізге станцияның ішін түсіруге рұқсат бермеді. Тек 5 қазандық жұмыс істеп тұрғанын хабарлады.
Тесілген құбырлар да уақытша жамалып жатыр. Ал, кешенді жөндеу жұмысы қалай жоспарланып жатқанын білмек болып, қала әкіміне бардық. Бірақ, кеңсесінде болмады. Ал, кеңесшілері халықтың өтінішімен жөндеу жұмысын бақылап жүр деді, нақты қайда екенін айтпады. Сол уақытта әкімді күтіп отырғандар көп болды.
Әділбек Балғожинов, Екібастұз тұрғыны:
Алдында әкім келді. Олар шешті мына жерге труба лақтырамыз деп. Жоқ, 2 жұма өтті. Бастаған жоқ. Қыс өтіп бара жатыр.
Қыстың жартысын тоңып өткізген халық келесі жылы да осылай бола ма деп қорқып отыр. Әкімнің орынбасары да ескі құбырларды бір жылда түгел жаңарту қиын, - деді.
Азат Сарпеков, Қала әкімінің орынбасары:
Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады деген бар. Мұны жасау үшін негізі тарифқа келіп тіреледі. Ал тарифін көтерейін десең, халқымыздың қалтасына келіп тіреледі.
Әкімдік мәліметінше, апаттан 300-ге жуық үй жапа шеккен. Қазір 48 пәтердің жөндеу жұмысы аяқталған. Барлық үйге көмек беріліп жатыр, - деді. Ал, Ұрқия Сәдуова болса, әкімдік көмегін бір жарым ай күтіп, үміт үзген. Үйін жөндеуге өзі кіріскен. Оны қазір үйінің жағдайынан бөлек, өзінің денсаулығы да алаңдатып отыр.
Ұрқия Сәдуова, Екібастұз тұрғыны:
Ауырып, бір ай болды міне әлі де больницада жүрмін. Қалаға направление берді Павлодар облысына. Сомен қалаға барып көрінейін деп жатырмын.
Екібастұзда 150 мыңдай халық тұрады. Қалада 421 шақырым жылу желісі бар. Өткен жазда соның 600 метрі ғана жөнделген. Ал, құбырлардың 90 пайызы тозып тұр.
Аманкелді Сейітхан