Антикордың атын жамылып, 50 миллион теңге алған күдікті ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Антикордың атын жамылып, 50 миллион теңге алған күдікті ұсталды

09.01.2023

Шенуеніктен ақша бопсалаған кәсіпкердің іс әрекетіне байланысты жаңа мән-жайлар анықталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ведомствосының мәліметінше, Әбиев дейтін азамат бұқаралық ақпарат құралдарында зиянды мәліметтерді таратпау және өзінің Youtube арнасында шындыққа сәйкес келмейтін бейнежазбаларды жою үшін кәсіпкерден аса ірі мөлшерде ақша талап еткен. Ол 50 миллион теңге пара алып жатқан жерінде ұсталып, қамауға алынды. Тергеу барысында Әбиевтің азаматтарды шатастыру мақсатында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті» деген атаумен серіктестік құрғаны және оны ресми тіркегені анықталды. Осылайша құзырлы мекеме басшысы болып көрініп, мемлекеттік органдардан жеке мүддесіне қажетті ақпараттар мен мәліметтер алып келген. Шын мәнінде Әбиевтің қызметі құқық қорғау органдарының жұмысымен ешқандай байланысты болмаған. Қазір күдіктінің осыған ұқсас өзге қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр. 

Хабарламаларға жазылу