Қаңтардың бірінен бастап «Өскемен-Тазалық» коммуналдық мекемесі жұмысшыларының жалақысы 30% пайызға өсті. Жаздың аптап ыстығы мен қыста қар мен боранда бел жазбай еңбек етіп жүрген қарапайым азаматтар мұны талай жыл күткен еді. Ал айлықтың өсуі кәсіпорында жұмысшылардың тұрақтауына да септігін тигізбек.
Нұрзипа Қалиқызы қала тазалығына жауапты мекемеде еңбек еткеніне 10 жылдан асты. Қыста қар күреп, жазда жол жиегін арам шөп пен қоқыстан тазартады. Зейнет жасына жақындаса да жұмысқа әбден үйреніп алғанын айтады.
Нұрзипа Қалиқызы, жұмысшы:
Қыстың қақаған аязына қарамай, мейрамда демалысқа да қарамаймыз. Қар қалай жауса солай жұмысқа шыға береміз. Еңбекақымыз төмендеу. Көтереді деген сөз бар. Енді көтеретін шығар.
Көтереді. Қаңтардың бірінен бастап барлық жұмысшылардың жалақысы 30% пайызға өсті. Дегенмен жыл он екі ай бел жазбай далада еңбек ету оңай емес. Қаладағы 500-ге жуық аялдама мен бүкіл жол жиегіндегі қарды 150- ге жуық адам тазартады.
Сағи Сәбит, жұмысшы:
Бұндағылардың көбі зейнетке таяған адамдар. Анадай жұмысқа көп жарай бермейтін болған соң, даланың жұмысын істейді. Бәрінің несиесі бар. Балаларын оқытады.
Қар қалың жауғанда техника тізгіндегендер 2-3 ауысыммен тәулік бойы жұмыс істейді. Ол үшін былтырдан бері жұмысшыларға жатақхана салынды. Келесі ауысымға дейін олар осында тынығады.
Жатақхана ашып,жұмысшылар мен жүргізушілерге қолайлы жағдай жасап жатырмыз. Олар өз смендерінде көліктің ішінде отырмай, жатып демалып, ауқат ішетін жер.
Былтырдан бері коммуналдық мекеме жұмысшылардың әлеуетін көтеруді ерекше бақылауға алған. Яғни материалдық қолдаумен қоса ұжымдағы ішкі байланысты нығайтқан.
Асхат Тәженов, «Таза Өскемен» КМК директоры:
Біздің кәсіпорындағы жұмысшылар тек күнкөріс қамымен жүр десек онда қателесеміз. Осы ұжымдағы ішкі жағдай тұрақты болғандықтан яғни әріптестер бір-бірін жақсы түсінгендіктен басқа жұмысқа ауыспайды. Қазір жұмысшылардың 60 пайызы осы жерде 10-15 жыл істегендер. Әрине жұмыс оңай емес. Бірақ ең бастысы еңбекақы тұрақты.
Олжас Керейхан, тілші:
Биыл шығыста қар қалың. Соңғы бір айда бір метрге жуық жауып тастады. Бүгінге дейін 100 мың текше метр қар шығарылса да, күндіз күрелген жерді түнде басып қалады. Сондықтан өскемендіктердің қолынан күрек түспейтін тәрізді. Өйткені біздің жақта қыс ұзақ.
Олжас Керейхан