Бибісара Асаубаева шахматтың блиц түрінен өткен әлем біріншілігінде әйелдер арасында чемпион атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бибісара Асаубаева шахматтың блиц түрінен өткен әлем біріншілігінде әйелдер арасында чемпион атанды

30.12.2022

Қазақстандық Бибісара Асаубаева шахматтың блиц түрінен өткен әлем біріншілігінде әйелдер арасында чемпион атанды. Алматыда жалауын көтерген халықаралық доданың соңғы ойынында Бибісара үндістандық әріптесін жеңді. 18 жастағы жерлесіміз осымен блицтен әлем чемпионатында екінші мәрте қатарынан топ жарды. Ол 2021 жылы Польшада өткен әлем чемпионатында блицтен алтын медальға, ал рапидтен күміс медальға ие болған еді. Еске салайын, 28 желтоқсанда шахматтың рапид түрінен қазақстандық Динара Сәдуақасова әлем чемпионатында күміс медаль иеленген болатын. Бес күнге созылған шара бүгін өз мәресіне жетті.

Бибісара Асаубаева, Шахматтан әйелдер арасында екі дүркін Әлем чемпионы:

Мен өзімнің Әлем чемпионы екенімді тағы бір мәрте дәлелдегеніме қуаныштымын. Өткен жылы алғаш рет Әлем чемпионы атанғанымда өзіме сенімді болдым. Себебі айқын басымдықпен жеңіске жеттім. Бұл жолғы жеңіс оңай келген жоқ. Дүбірлі дода елімізде өтіп жатқандықтан, мойнымда үлкен жауапкершілік болды. Алайда, Қазақстанда, өз Отанымда турнирді жақсы нәтижемен аяқтағаныма өзімді бақытты сезініп тұрмын. Енді жаңа жылды жақсы көңіл-күймен қарсы алуға болады.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу