Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері жұмыс уақытында 12 адам жазатайым көз жұмған. Тағы 158 жұмысшы жарақат алып, оның 58-і ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Оқыс оқиғаның көбі ірі ауыр өнеркәсіптер мен құрылыс саласында болған. Басты себеп – еңбек қауіпсіздігінің сақталмауы.
Еңбек инспекциясы басқармасының мәліметі бойынша, бүгінде облыстағы аса зиянды және қауіпті өндіріс орнында 38 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Сонымен қатар осы жылы 110 кәсіпорын жұмысшыларға 1,2 миллиард теңге берешек болып қалған. Дегенмен еңбек инспекторлары ай сайын мониторинг жүргізіп, мәселені жіті қадағалаған соң, жалақы бойынша қарыз толық өтелген.
Ал қауіпсіздікті қамтамасыз етпеген және жұмыс орнында жағдай жасамаған бірқатар кәсіпорын басшысына айыппұл салынған.
Бақытбек Қизатов, облыстық Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:
416 тексеру жүргізіліп, облыс ұйымдарындағы еңбек жарнамасын бұзушылықтың 2233 фактілері анықталды. Осыларды жою үшін 246 ұйғарым беріліп, 45 миллион теңгеге 233 заңды және лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық қорғау органдарына 217 материал жіберіліп, оның қорытындысы бойынша 4 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Олжас Керейхан