Қызылорда облысының Қазалы ауданында үш ауылға табиғи газ берілді. Игі іске жергілікті кәсіпкер ұйытқы болып, Басықара, Пірімов, Жалаңтөс батыр елді мекені биыл жоспардан тыс көгілдір отынға қосылып отыр.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Жаңа жыл қарсаңында үш елді мекеннің тұрғындары көптен күткен табиғи газ келді. «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында іске асқан игі жобаның арқасында 5 мыңға жуық халық көгілдір отынның игілігін көретін болады.
Осыдан бірнеше жыл бұрын шалғайдағы Басықара ауылының тұрғындары үшін газға қосылу арман еді. Міне, сол қол жетпестей арман болып көрінген көгілдір отын жаңа жыл алдында үй-үйге берілді. Бұрын көмір тасып, отын жарып әбігерге түсетін жұрт бейнеттен құтылып, қуанышқа бөленіп отыр.
Найзабек Баймаханов, Басықара ауылының тұрғыны:
Жылда 10 тоннаға дейін аламыз ғой. Қара суық қой бізде көбіне. Соған байланысты көмір аламыз. Ол көмір тапшы болады. Иә, көп бейнетті көреміз. Енді биыл құдай қаласа рахатты көріп отырмыз. Бір кнопкамен газ қосылып тұр. 24 сағат сөнбейді газ. Жақсы болды.
Ал Пірімов ауылы аудандағы ірі елді мекендердің бірі. Мұнда да тұрғындар жыл ортасында жағымды жаңалықты естігенімен биыл газ беріледі деп күтпеген. Бірақ, небәрі алты айда ауылға газ құбырлары тартылып, тұрғын үйлер көгілдір отынға қосылды.
Салтанат Маханова, Пірімов ауылының тұрғыны:
Газ келеді деп ойлаған жоқпыз. Әлі де анау күнге дейін әне қазады, келесі жылы келеді деп ойлағанбыз. Ауылымызға газ келіп, от жағудан, күл шығарудан құтылдық.
Елдегі ағайынды аймақ басшысы да құттықтап, игі істер әлі де жалғасатынын жеткізді. Жалпы облыста газдандыру жұмыстары жылдан жылға қарқын алып келеді. Бүгінде көгілдір отынға қосылған ауылдық елді мекендердің саны 23-ке жетті.
Жайық Әлішев, «Қазтрансгазаймақ» АҚ Облыстық филиал басшысының орынбасары:
Облыс бойынша жылына 6 мыңнан аса тұтынушы газға қосылады. Бүгін міне, Қазалы ауданында үш елді мекенге газ қосылып отыр. 850-ден астам тұрғын үйге газ алуға мүмкіндік жасалып отыр.
Алдағы бес жылда облыс халқының 80 пайыздан астамы көгілдір отынға қол жеткізеді деген жоспар бар. Бүгінде газдандырудың бағдарламасы әзірленіп, игі істер кезең-кезеңімен жүзеге аспақ.
Әділбек Серікұлы