Украина порттарынан 15 млн тонна астық тасымалданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украина порттарынан 15 млн тонна астық тасымалданды

26.12.2022

Бұл елдің порттарынан бес айдың ішінде 15 млн 80 мың тонна дәнді дақыл Босфор бұғазы арқылы өзге елдерге жеткізілді. Соғыстың кесірінен порттарда қалып қойған миллиондаған тонна астықты тасымалдау туралы БҰҰ, Түркия, Украина мен Ресей шілде айында келісімге қол қойған болатын. Жүк тасымалын реттеп, кемелердің астықтан өзге зат тасымалдамауын қадағалау үшін Ыстамбұл қаласында арнайы үйлестіру орталығы ашылды. Түркияның тасымалдау және инфрақұрылым министрінің мәліметіне сай, бүгінге дейін Түркия арқылы 585 кеме Африка, Азия және Еуропа елдеріне бидай, өсімдік майы, қант қызылшасы сияқты 13 түрлі маңызды азық-түлік түрлерін жеткізген. Қараша айында тараптар астық коридорын келесі жылғы наурыз айына дейін жалғастыра беру туралы келісімге келді.

Әділ Қараисмаилоғлы, Түркияның тасымалдау және инфрақұрылым министрі:
Төрт жақты келісімге қол қойылғаннан кейін астық тиеген алғашқы кеме Ыстамбұлға екінші тамызда келді. Содан бері 585 кеме Украинаның Одесса, Южный, Черноморск порттарынан миллиондаған тонна дәнді дақыл мен азық-түлікті Африкаға, Қытайға, Еуропа елдеріне тасымалдады. Осылайша әлемдік азық-түлік дағдарысының алдын алдық деп ойлаймыз. Астық коридорының жұмысы соғыс аяқталғанша жалғасуы тиіс.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу