Париждегі шеру полициямен қақтығысқа ұласты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Париждегі шеру полициямен қақтығысқа ұласты

24.12.2022

Париждегі Күрдтер қауымдастығының наразылық шеруі полициямен қақтығысқа ұласты. Бұл диаспора өкілдерінің мәдени орталығы жанында жұма күні үш адам оққа ұшқан еді. Осы оқиғадан соң олар шеруге шыққан. Айтуларынша, қаза тапқандардың барлығы – күрдтер. Наразылық акциясы кезінде манифестанттар Түркияға қарсы ұрандатты.

Сонымен қатар, ашынған шерушілер жақын маңдағы мейрамханаларды қиратып, қоқыс жәшіктерін құлатқан. Тәртіп сақшыларымен де қақтығыс орын алды. Ашулы топты тарату үшін көзді жасаурататын газ қолданылды.

Дегенмен, Франция ішкі істер министрі Жеральд Дарманин «күдікті шетелдіктерге қастандық жасағысы келген» деп мәлімдеді. Алайда, шабуылшының нақты күрдтерді таңдағанына ешқандай дәлел жоқ.

Жеральд Дарманин, Франция ішкі істер министрі:

Кісі өлтіруші - француз. 69 жаста. Оны Париж қауіпсіздік басқармасы мен ұлттық барлау қызметі экстремист деп санамаған. Және де күдіктінің шетелдіктерге шабуыл жасағысы келгені анық. Дегенмен, тергеушілер оның күрдтерді арнайы нысанаға алу мәселесін қарастырып жатыр. Әзірге бұған дәлел болатын элемент табылған жоқ.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу