Мұнайшылардың ерен еңбегі оқушыларға насихатталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұнайшылардың ерен еңбегі оқушыларға насихатталады

21.12.2022

Балаларға базарлық! Енді Атыраудағы мектептерде оқушыларға арналып қара алтын өндірісінің қыр-сырын паш ететін қосымша сабақ өткізіледі. Білім бағытындағы қанат қақты бастаманы «Ембімұнайгаз» АҚ өзінің ғасырлық мерей тойына орай жүзеге асырды. 

Ембі өндірісінің ғасырлық тарихынан сыр шертетін оқу-анимациялық бағдарлама жобасы білім саласының мамандарымен бірігіп дайындалды. Оның игілігін 7-11 сынып оқушылары көреді. Бейнеролик мұнай тақырыбына қызығып жүрген Данаға да ерекше әсер қалдырды.

Дана Амангелді, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:

Өте қатты ұнады. Біріншіден, мұнай саласына қызығушылығым салмақты болғандықтан, өндірістік орындар, олардың маңызы, сондай-ақ қалайша біздің өмірімізге мұнай әсер етеді деген сұрақтарға мен өзіме жауап алдым.
Бағдарлама анимациялық форматқа негізделген. Қабылдау жеңіл әрі ыңғайлы. Онда Ембінің қатпарлы тарихы мен мұнайшылардың қажырлы еңбегі, еліміздің өзге өңірлеріндегі қара алтын кеніштері туралы толық ақпарат беріледі.

Марат Елеусінов, «Ембімұнайгаз» АҚ бас технологы:

Неге мультипликация ретінде жасадық? Себебі қазіргі заманауи технологияға байланысты заманауи көптеген әлеуметтік желілер бар. Соған байланысты балаларға қабылдауға оңай, оны жан-жаққа тарату да оңай. Балаларымыз осыны білсін деп.

Бағдарлама қаладағы 60-тан астам мектепке таратылады. Оқу жүйесіне келер жылдан бастап енгізіледі. Бұдан өзге Ембілік мұнайшылар 100 жылдыққа орай, танымдық бағытта «Тарихи портал» жүйесін құрды. Онда Санкт-Петербург, Мәскеу, Алматы қалаларындағы архивтерден құнды деректер алынып, жинақталған. Және Ембімұнайгаздың ғасырлық мерейтойының аясында компанияның терең тарихына бойлаған «Ембі – ел ырысы» атты көркем-деректі фильм де көрерменге жол тартқан болатын.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу