Футболшылар «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Футболшылар «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды

24.10.2023

Республика күні қарсаңында Президент Жарлығымен футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншылары Асхат Тағыберген, Бахтиёр Зайнутдинов және Максим Самородов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Асхат Тағыберген – Қазақстан ұлттық құрамасының және шымкенттік «Ордабасы» клубының капитаны. Ел біріншілігінің чемпионы. Сонымен бірге, күміс, қола медаль иегері. Биыл Астанада 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде Дания құрамасының қақпасына алыстан соққан голы FIFA сыйлығының «Жылдың үздік голы» номинациясына ұсынылып, үміткерлер қатарына енді.

Бахтиёр Зайнутдинов - Қазақстан ұлттық құрамасы тарихындағы үздік сұрмерген. Ел чемпионы. 17 қазанда Финляндиямен өткен матчта қос голдың авторы атанды. Сөйтіп команда сапында 14 гол соғып, Руслан Балтиевті басып озды және сенсация жасады. Сондай-ақ, Бахтиёр Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі тобында ең көп гол соққан футболшылар қатарында.

Максим Самородов да ұлттық құраманың үздік ойыншысы. Қазір негізгі шабуылшылардың біріне айналып үлгерді. EURO-2024 іріктеу аясында Солтүстік Ирландия қақпасына соққан голы турдың ең әдемі голы атағына ұсынылды. Ол гол матчтың жалғыз әрі шешуші голы болатын.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу